Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  163


Автор: Рафаэль Ниязбек

Дана әке мен ақылды бала

 
Көз жеткізген өмірдің бағасына,
Балта ұра ма орманның ағашына.
Бір қарт дана үш сыйлық ұсынған-ды,
Жол жүргелі тұрғанда баласына:
– Терезесін жанымның қыраулаған,
Тырна күндер өтуде тыраулаған.
Алыс жолға жүргелі тұрсың, балам,
Зауал төнсе, жерінен кім аумаған.
Жолдан шаршап, кей-кейде қамыққанда,
Сауық-сайран құрарсың жалыққанда.
Кесек алтын берейін қазынамнан,
Қажетіңе жарайтын тарыққанда.
 Тербетіліп туса да бесікті елде,
Өмір сүрген қайғысын кешіп пенде.
Семсер берем сертке ұстар,
Сен сілтерсің
Қауіп-қатер алдыңнан кезіккенде.
Мұңайғанда көліңнің қазы кетіп,
Жадыратсын жаныңның жазы жетіп.
Бір дорба дән жолыңа және берем,
Күн кешерсің ашықсаң азық етіп.
Ерте бастан қамдаған қорғанысын,
Қарт әкенің ту етіп өр намысын, –
Ер жігіт те жасырмай баяндаған
Көкірегін кернеген толғанысын:
– Қилы кезең туса да қайшыласқан,
Күнге ұласқан арманым, Айға ұласқан.
Жолға шықсам алтын ап,
Жұрттың бәрі!
Мені кісі демей ме байлығы асқан.
Көктем болып қараған өлкесіне,
Неге сырын жасырсын көмбесіне.
Көрсе алтынды періште жолдан тайып,
Жаулық ойлап, кім кепіл, төнбесіне.
Тал бойына көп сіңген жердің нәрі,
Азаматтың бірімін ер тұлғалы.
Қылыш тағып беліме жолға шықсам,
Онда мені жау көрер елдің бәрі.
Тірі жанға кеудесін бастырмаған,
Көңілімде ағыс көп тасқындаған.
Жолбарыстай жапанда жалғыз жортқан
Қарусызға қасқыр да қас қылмаған.
18
Бұдыры көп алдымда жер жатқанда,
Түсі бөтен, тілі жат ел жатқанда, –
Дорба толы алтын дән күш береді,
Өмірімнің өзені кері аққанда.
Қатер төнсе, өзімді қорғап бағам,
Болашаққа жырымды толғап барам.
Әке, сенің ұсынған сыйлығыңнан
Дорба толы дәнді алып жолға аттанам…
Тағдырының айналмай ермегіне,
Тартпай, сірә, тұра ма ер тегіне.
Сол жігіттің басына бақ орнаған
Жастайынан жалданған еңбегіне.
Жау іздемей жаланып төңіректен,
Жігіт еді көңілін көп түлеткен.
Жер бетіне өксіген өлім сеппей,
Жер бетіне дән сеуіп, өмір еккен.
Ғасырлардың көрікті көшіне ерген
Қазақ еді сол жігіт көзі – мерген.
Ұрпақ сүйіп, ұранды елге айналып,
Ұлы Дала төсінде өсіп-өнген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу