Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  164


Автор: Рафаэль Ниязбек

Ей, сатқын!

Тірлігіне сен көшпей кемел шақтың,
Желдей есіп тергеуде желе шаптың.
Елдің Ары – Асанбай Асқаровты,
Жігіт болсаң, ей, сатқын, неге саттың?!
Жала жауып,
алды деп алмағанын,
Емес пе, айтшы, жаныңды жалдағаның?
Ата жолын сен қумай
сатқындық па
Жер қайысқан жолдардан таңдағаның.
Намыс қайда тулаған қаныңда ойнап?
Пенде екенсің жүгірген сағым тойлап, –
Өзге өмірді құрбанға оңай шалар
Қара бас пен қарынның қамын ойлап.
Шығарды ма сатқындық ұшпағына,
Қыдыр дарып,
енді ме күш бағыңа?
 Не түсті, айтшы?
Ел нары – Асанбайды
Таптатқанда таба ғып дұшпанына.
Анаң сені, беу, шіркін, таппағанда,
Тапталмас ед ар-иман жат табанда.
Қоғам ғой бұл жақсыны оққа байлар
Жарамсағын жарқылдап жақтағанда.
Адам ары –
керексіз бұйым ба еді,
Тастай салар лақтырып жақпағанда.
Жат жұрағат отарлап отамас-ты,
Ел мен жерін сендейлер сатпағанда.
Қалың орман секілді
Өртке бермей
Қарағайын – ерлерін сақтағанда.
Қандасыңның жолына қақпан құрып,
Сан жырладың тергеуде мақтан қылып.
Тірі қалам дедің бе?
Өз ағаңды
О дүниеге жіберсем аттандырып.
Арғымаққа жарасқан ер-тұрманы,
Азамат ер деуші едім өр тұлғалы.
Жаратылған шикі өкпе жан екенсің
Намыс, жігер...
барлығын жер қылғалы.
Асқаров боп тірлікте көрмегенің,
Жанға батты тірідей жерлегенің.
Ол қамалған түрмеде сен де отырсың,
Кәне, содан шарықтап ерлегенің.
Айыр тілді тергеуші – жарылқаушың,
Қалт жібермей көздейтін сермегенін.
 Бостандыққа шығарса қайда қалған
Түрме болды
жайғасып төрлегенің.
Жон арқаңды тостырмай дүресіне,
Баста неге қорғады –
білесің бе?
Бойыңдағы керегін сығып алып,
Тастай салды лақтырып күресінге.
Желбіретсең жел беріп желегіне,
Енді сенің оларға керегің не?
Сырт айналып өзіңнен кетті бәрі
Құйылсаң да шүмектеп шелегіне
Туған жандар тегінде мұң-сағымда,
Сексеуілге айналса құм, шағылда.
Ал, сендейлер ұятын
тастап кеткен
Анасының ұмытып құрсағында.
Сатқын болдың сондықтан,
Ендеше сен,
Адамдардан ақ шуақ үн сағын ба?
Ауылыңа ат басын бұра берме,
Ағармайсың түссең де бұла көлге.
Өлген деп те өзіңді
әлдеқашан
Көме салған апарып құба белге.
Алып ұшпа жетем деп боз далаңа,
Боз далаңа сарылып көз қадама.
– Әкем, – деп те алдыңнан қалай шықсын,
Сатқын болып көрінсең өз балаңа.
 Жанға шипа тілеген мият-көктен,
Анаңды да іздеме қияға ерткен.
– Сатқын туған екем, – деп, – бала таппай
Ол кісі де өлген-ді ұят-өрттен.
Ерлік иісі бұрқырап келбетінде,
Тұра білген Бәйтерек жел өтінде.
Тұтылмайды Асқаров!
Тұтылар – сен,
Бар болса егер Әділдік жер бетінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу