Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  84


Автор: Рафаэль Ниязбек

Қырық тергеуші және тұтқын

Қырық кісі бір жақ боп жабылғанда,
Болар, бәлкім, жүрегі қабынған да.
Абақтыда есіл ер жатпас та еді,
Халқы түгел қасынан табылғанда.
Көл қорыған қызғыштай
ара түсіп,
Азаматым – арым деп сабылғанда.
Терезесі тең елдей
сес танытып,
Бұрқ-сарқ қайнап бурадай шабынғанда.
 Тіл тигізіп, міне, енді ұлы атаңа,
Қырық кісі тұқыртып біротала.
– Тұтқын, – дейді, – данышпан болсын мейлі,
Біздер үшін аз халық бұратана.
Аралаған тал бойын таза қаны,
Құтылған жоқ құлдықтан қазақ әлі.
Темір бұғау мойнында тұрған жоқ па,
Қайдан қырда шырқалсын ғажап әні.
Жаратпаған бастарды қағып та алған,
Бізге жансың кезінде жағып қалған.
Жүйе барын білмейсің
аз халықтың
Азаматын отауға бағытталған.
Кеңдігіміз біздердің бар десек те,
Жүрген,
тұрған,
күлгенің...
бәрі есепте.
Жер-жаһанға Тәшкендей әшкерелеп,
Мінгіземіз еліңді қара есекке.
Бәрі бізде күн бұрын сараланған,
Қазақстан –
жолбарыс жараланған.
Тақтан тайған Димашты арқа тұтпа,
Алатаудың шыңындай дараланған.
Жомарт жан боп Ресейге сыйың өтсін,
Біздер үшін бәрібір сиыр бетсің.
Азамат деп ардақтар жайымыз жоқ,
Итке кесіп тастайтын түйір етсің.
 Тула, мейлі,
тулама бұлдыр бағың,
Сезесің бе алдыңда кім тұрғанын?
Маршалдікінен неге көп,
айтшы, кәне,
Омырауыңа қадаған сылдырмағың?!
Тұтқын жаны табысып серке күнмен,
Бір-ақ айтты жауабын жентегімен:
– Маршал тақса жарасып,
айып па, айтшы,
Хатшы тақса маңдай тер, еңбегімен?!
– Жай-жапсарын білмейсің бұл араның,
Суалып та белгілі, қуарарың.
Атылғанын, ей, тұтқын, естідің бе,
Бұқа мойын хатшысы Бұқараның.
Күнде ертемен жететін мазаңды ала
Бой бермеген тозаққа,
тажалға да, –
Жаны сірі тұтқыным
білгін алда
Сені күтіп тұрғанын ажал ғана.
Сөз сөйлесең бір кезде топта жанып,
Көп ұзамай тұрасың сотта налып.
Одан кейін құрдымға жоғаласың
Маңдайыңа қорғасын оқ қадалып.
Көнем дейсің тағдырдың қандайына,
Қорғасын да құйылар таңдайыңа.
Білесің бе нысана екенін сен
Жасыл белгі соғылған маңдайыңа.
 Есіргендей уланып күшалаға,
Сені өлтірмей жендет те күш ала ма?
Оқтың өзі қайдан да іздеп табар
Айналғаның айналған нысанаға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу