Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  68


Автор: Рафаэль Ниязбек

Алғашқы арбасу

Алау демі көгертіп тас түлеткен,
Қонаев боп табылды тасқын ерткен.
(Қасқыр – заман күнәкар пенделерін
Талап жейтін кісіні қасқыр еткен).
Қасиетпен өтсе де Димаш аға,
Тудырмақ боп жанықты қасіреттен.
Оң мен солын... түп-түгел байқап көріп,
Жеткен даукес секілді айтаққа еріп.
Ауыз салған ақыры Асқаровқа
Айналасын құйындай жайпап келіп.
Айдыны асып,
көңілді жарқын күлген,
Қонаевқа кісі деп жақын жүрген.
Асқаровқа шүйліге бастады енді
Нарқын білген қашанда,
халқын білген.
Қай-қайдағы сұмдықты үйіп-төгіп,
Күйе жақты
жатсын деп күйікте өліп.
 Оған, сірә, есіл ер қалай көнсін
Орып келген тарысын биікте егіп.
Миы ойылған мәңгүрттей бастан қалып,
Қоян жүрек алдынан қашқан арып.
Ақ бас бура Асқаров – шындық еді,
Сол шындықты сүйреді шаштан алып.
Ұғынысып қосыпсың бастарыңды,
Бермейміз деп алтын тақ –
асқарыңды.
Сен шығарсың алаңға бастап шыққан
Ар-намысын ту еткен жастарыңды.
Өшірейік үніңді, – десті сұмдар, –
Жан болсаң да қаншама асқақ үнді.
Зұлмат еді, білмеймін, қайдан жеткен,
Түсті ме, әлде бұлт-шашын жайған көктен.
Жүрегіне у құйып:
– Барғын, – деді,
Партбилетін тартып ап майданда өткен.
Жүз алданып келгесін,
мың алданып,
Сөнгендей ме шырағы тұрған жанып.
Тауға шөккен көк мұнар секілденіп,
Кетті лезде айнала тұманданып.
Тұрған еді Дүние алабұртып,
Өртке толды өзегі алау жұтып.
Партбилет боп жүрегі суырылып,
Жүре берді көз алды қарауытып.
Партбилет боп жүрегі суырылып,
Шыжғырылып табада,
қуырылып
 жатқандай ма, немене?
Сондай шақта
Берер дейсің қол ұшын кім бұрылып?
Құлағына шұбар сырға – жылан тағып,
Өте шықты бір бикеш сылаң қағып...
Тек Алатау қабарып, тұнжырайды
Айналасын манадан тұрған бағып.
Ақыл-ойдан кембағал,
жүректен де,
Мұндай шақта бола ма тірек пенде.
Бұл қоғамда қорғайсың өзіңді өзің
Тамұқтан да сескенбей,
түнектен де.
Көктемгі аспан секілді күрсінгенде,
Қақ жарылса жарылсын тылсым кеуде.
Көкті аңсаған алқызыл сұңқар еді,
Неге,
Неге пенде боп жүрсің жерде?
Шыға келді алдынан күн жарқырап,
Он екі вал күшпенен сілкінгенде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу