Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  577


Автор: Рафаэль Ниязбек

РАХМЕТ АДАМДАРҒА

Мың рахмет жаны игі адамдарға,
Арлы көзбен қараған замандарға, –
Қиын кезде жүрегін қорған етіп,
Тоқсан қабат айналған қамалдарға.
 Адам барда өмірде,
Адам барда
Әлденеге көңілім алаңдар ма?!
Адам барда мен-дағы тұрмаймын ба,
Желбіреген ту болып алаңдарда?!
Ей, ағайын, біліңдер,
Мен емеспін
Қорғандарға қонатын жаман қарға.
Жақсылардың көзімін,
Жыры да – мен
Замандардан жететін замандарға.
Қарға емес,
Жаратқан қыран етіп,
Мың рахмет жаны игі адамдарға!
Жақсылықты көп көрдім жақсылардан,
Жақсылардан жаралған асыл ардан.
Қарыздармын сол үшін адамдарға
Қай-қайда да құлашын асыра алған.
Жақсылық та жасағың кеп тұрады,
Көп жақсылық көргесін жақсылардан.
Жасығанда –
Жанымды сілкіледі,
Ақ жаңбыр боп көгімнен сіркіреді.
Жақсы адамдар өмірде болмаса егер,
Өмір, сірә, сүрмес пе ем...
Кім біледі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу