Өлеңдер ✍️

  18.04.2022
  122


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӘДІЛЕТ АЙҒАҒЫ

Келер күннің жүрсек те таңын бағып,
Шықтық талай асығыс дабыл қағып.
Өз шешімін ұзамай қанша өзгертті,
Талай шешім кезінде қабылданып?
Отты күнмен көздері шағылысып,
Жете берген құстардай бағына ұшып, –
Кетті қанша қателік асығыстан,
Түйін таппай тұрғанда жаңылысып?
Сөз болғанда тағдыры бүгінгі ердің,
Айтқаны жөн қашанда үкімді Елдің.
 Қаншама үміт қиылды
Кесірінен
Туа салған ат үсті пікірлердің?
Күннің нұры жанса да көзімізде,
Жаңылыстық кей-кейде өзіміз де.
Түзу жолдан ауытқып кете жаздап,
Түзелді әзер қайтадан көшіміз де.
Жүріп өткен жолдарға қайта үңіліп,
Алсақ егер, ей, достар, есімізге.
Не сұмдықты көреміз қарауытқан,
Алмағайып зауалдай алабұртқан.
Арылмаған сәттер де сап түзейді,
Балалықтан және де шалалықтан.
Мұнарланып көз алды, сағымданып,
Сұлай кеткен қарттайын жанын бағып, –
Подвалға тығылған архивтерден
Түрегелді Шындықтар шаңын қағып.
Тұрған кезде сейілмей тұмандары,
Небір ерді халықтың туған бәрі.
Сұңқар Сәкен,
Ілияс,
Бейімбеттер –
Ғалам кешкен сұмдықтың құрбандары!
Көрінбейді іздесем таныс бақтан,
Қос жебесі елімнің алысқа атқан, –
Ораз қайда?
Ендеше, Тұрар қайда?!
Көзін құртып жоймаса барыс – қақпан.
Құрбан болып солардың кеткеніне,
Түсінбеймін,
 Көз салсам өткеніме.
Жабыларға неге, айтшы, тиіспейді
Кезең болса аумалы-төкпелі де.
Зауал туып қалар деп қай жағымнан,
Елді айыру не сұмдық қаймағынан?!
Түсінбеймін,
Мен әлі айыққам жоқ,
Айықпасам Әділет айғағынан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу