Өлеңдер ✍️

  18.04.2022
  80


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӨМІРМЕН ҰСТАСУ

Күрестерде от жұтқан, алау жұтқан,
Қыран – жастық,
Қайдасың алабұртқан?!
Аспанымды жүгірдім тазартам деп
Қара бұршақ боратқан қара бұлттан.
Оқ атқаным үшін де құзғын – жауға,
Тентіретіп жіберді бұл күн тауға.
Жан едім ғой елі үшін азап шеккен,
Қақың бар ма ерлерді қуғындауға?!
Түнек болдың, қайтейін, қарғыс атқан,
Қарғыс атқан ақшаға арын сатқан.
Жаудың сөзін сөйлеме,
Сөйледің бе –
Жіби, сірә, қояр ма қаным қатқан?!
 Сатқындардың көмегі арқасында
Кейбіреулер толтырды қалтасын да.
Африканы отарлап кейбір елдер
Бара жатыр қалдырмай қаңқасын да.
Ендеше, сен өмір бол жалын атқан,
Жеңіп шығып күресте дабылдатқан.
Азаттығын халқымның қорғау үшін
Борандатқан кезім көп, дауылдатқан.
Мен жеңемін,
Тартады өрге өлеңім,
Жеңіс болып еліме мен келемін.
Кері бұрам қайтсем де,
Кері бұрам
Әділетсіз өмірдің дөңелегін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу