Өлеңдер ✍️

  17.04.2022
  83


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖОЛДАН ТАЙСА

Бағыты мен бағдары жөн көрініп,
Жатпайды қарсы алдыңда жол керіліп.
Жұлдыздай жүйткіп аққан машиналар
Құриды жолдан тайса төңкеріліп.
Тың жердің өрілгендей құйқасынан,
Шойын жол дүрсілдейді күй тасыған.
Паровоз босанды ма,
Болады апат
Қос рельс – бұйдасынан.
Амандықтан өзге оның жоқ тілегі,
Көктегі аспалы сым – ток білегі.
Ауаға керген сымнан қалса ажырап
Тоқтайды трамвайдың от жүрегі.
Асыр сап өскенімен көктесінде,
Құстың да қызығы тез өтпесін бе.
Кеудесін тауға соғып, мертігеді
Боранда ұшса адасып көк төсінде.
...Сазды әуенге толтырып таңдайымды,
Аралап жүргендеймін тал, қайыңды.
Жолымнан сәл ауытқып кетсем болды,
Мен де алам тасқа соғып маңдайымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу