Өлеңдер ✍️

  17.04.2022
  92


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАЙЫҢА ЖҮР, ҚАРАҒЫМ!

Инеңді жоғалтқандай көк далаға,
Тесірейіп, қарағым, көп қарама.
Мен де өзіңдей асылды көп жоғалттым
Ілесіп жүрген кезде көп қараға.
Тесірейіп, қарағым, көп қарама,
Көп қарама,
Көзіңді көп қадама?!
Жанарыңнан бір сәуле ұшып түсіп,
Содан, бәлкім, көңілде от қала ма?!
Айналаңа тұрсаң да көрік беріп,
Қай сезімге тоқтадың еріп келіп?
Тесірейіп жігітке қарауды сен
Қарғам, сен де жүрмісің желік көріп?
Желік көрме қарауды, желік көрме,
Өртке толы онсыз да көрік-кеуде.
 Ерік берсең сергелдең сезіміңе
Бүлінеміз,
Сондықтан ерік берме.
Жетпесе егер шыдамың ерік бергін
Көкіректегі жалынды келіп көр де.
Бақыт гүлі сен болып күнде іздеген,
Билей алмай өз-өзін қызғын денем,-
Кетуі де мүмкін ғой,
Қайтем енді
Жан едім мен сезімін тізгіндеген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу