12.04.2022
  119


Автор: Қалижан Бекхожин

ҚАЗІРГІ ПОЭЗИЯМЫЗДАҒЫ ІЛИЯС ДӘСТҮРІ

Ілияс поэзиясы біздерге, қазақ ақындарына әлі күнге өнегелі мектептей тағылым болып келеді. Зергер ақынның шеберлік дәстүрін қазақ ақындарының көбінің шығармаларынан айқын сезінуге болады. Асқақ әуен, адуынды, бейнелі сөз, әсірелі, теңеулі жырлар
– Ілияс тағылымы, біздің жақсы ақындарымыздың өрістетіп келе жатқан ізгі салты.


Мен өзім тауда туып, таста өстім, Жасымнан мұз төсеніп, қарды кештім. Асқарда, Аршалыға қозы жайып, Бұлттардың аспандағы қасында өстім,


Жөңкенің жоғары ала басында өстім, Ақ гауһар Ақтастының тасында өстім,

Аспанда ақиығы шаңқылдаған, Құздардың құламалы астында өстім, –


деп, асқақтаған ақынның алабұртқан сөз екпіні талайымыздың кеудемізге дүбір салса керек.
Ілиястың дарын тағдыры, күй құдіреті жайындағы әйгілі туындыларына өзектес, өрнектес шыққан шығармалар Әбділда Тәжібаевтың «Абыл»,
«Оркестр», Хамит Ерғалиевтің «Құрманғазы», Жұбан Молдағалиевтің «Кісен ашқан» атты белгілі дастандарын сүйсіне атаймыз.
Ілияс Жансүгіровті қазақтың көптеген ақындары өзіне ұстаз, өнеге тұтты. Солардың ішінде, Ілиястан көп тағлым алған көрнекті ақын Ғали болды. Жас талапкер Ғали алғашқы көргенде-ақ Ілияс тұлғасына таңырқай қарады.


Айтты оның Рахым деген атын маған, Осы деп Ілияс деген ақын ағаң.
Білмеймін қуандым ба, ес көрдім бе, Кеудемді сездім кенет қалтыраған. Ілгері өттік жүріп осы тұста, Апырай, сөзге Ілияс неткен ұста!
Атқа әсем отырысы, бет бітімі,
Түп-түгел ұқсайды екен қыран құсқа.


Ғали Орманов өлеңді Ілиясша өрнектеп шебер ақын атанған кейінгі шақта да «өмірің өшпес жыр өңкей, ұдайы ұстаз тұтамын» деп, кемеңгер ақынды пір тұта еске алады. Ілияспен жерлес Ғали Жетісу сипатын, Арқарлы асқарын суреттегенде Ілиясша сермейді:


Тағы да тұрмын басыңда, Сүйікті тауым Арқарлы, Тасыңа түнеп жасымда, Сүйегем соған арқамды.

Таңырқай тұңғыш көргенім Түксиген жым-жырт құз еді, Төсіндей шимай өрнегің – Тауешкі арқар ізі еді...


Ілияс кестесінше тізілген мұндай өлеңдер Ғали ақында аз емес. Кезінде Қасым, Абдолла сынды серпіні ұшқыр ақындарымыз да өзінің жыр-дастандарында өлең қанатын Ілиясша қарыштап, бейнелі сөзді Ілиясша топшылайды. Өлең жырында дүбірі күшті атақты ақын Тайыр Жароковтың «Тасқын» поэмасында сөз нөпірі Ілиясша ексімдейді.
Кейінгі жас таланттарымыздың өлең-жырларында Ілияс өнегесі, бейнелі, әсерлі сөз шеберлігі, әсем өлең өрнектері айқын сезіліп тұрады.
Прозаның әсемдігін, өршілдігін өнеге тұту, Ілиясша мүсіндеу тағылымын дарыны өзгеше бір топ жас ақындардың өлеңдерінен айқын байқаймыз. Ілиясша сөз бейнелеу тәсілдерін Асқардың, Дүйсенбектің, Есләмнің, Бекеннің, Әубәкірдің жырларынан, дастандарынан сүйсіне сеземіз.


Кеудеге дабыл қаққан дүбір енді, Күрсінді, күйші терең күңіренді. Жөнелді кең көсіліп «Көбік шашқан» Көп күткен міне бапты күні келді.
Сарқырап сұсты саздар сапырылып, Толқынды толқын таптап жапырылып, Қол созып, көкке шапшып күміс көбік Аспанның ала бұлтын жатыр іліп.
(Әубәкір Нілібаев)


Қапсағай, бүркіт қабақ, ашаң жүзді, Мәңгілік мекеніндей жапан дүздің, Қария төр алдында малдас құрып, Қонақтар қоршай оны қатар түзді.

Уақыттың құстай орап құз жартасын, Қақтаған күнге арқасын, мұзға арқасын. Ақпанда өрттей қызыл түлкі соғып.
Жібіткен қысқы аяздың ірге тасын.
(Асқар Егеубаев)


Бұл әсем суреттерден мен асқан ақынның, ұстаздың өнегесін сүйсіне сезінемін. Қазіргі поэзиямызда шеберлікке, суреткерлік алымды, мәнді өлең-жыр өнерін өрістетуші дарынды ақындар аз емес. Сонымен бірге біздің өлең өлкемізде – «от басы, ошақ қасынан» ауқымы аспайтын, өзінше пікір айтқансып, өлеңнің сыр-сипатынан аулақ жүрген, он бір өлең жапырағын тармақтай шашып, міңгірлейтіндер аз емес.
Аударма тарапында да Ілияс бізге кезінде жақсы үлгі көрсетті. Пушкин мен Лермонтов шығармаларын қазақшаға алдымен аударған да Ілияс. Орыс поэзиясының ең асылы, құрылысы жағынан қиын да күрделісі «Евгений Онегинді» аудару – қандай қиямет іс! Сол ұлы қазынаны батылдық жасап алдымен аударған Ілияс Жансүгіров. Сондай-ақ, Пушкиннің «Жәбірейіл- намесін» мен қазақшаға аударғанымда бұрынғы Ілияс аудармасын зер сала оқып, өзіме тағылым тұттым. Әлбетте, мен Ілияс аудармасын қайталамадым, өзімше топшыладым. Ілиястың поэзиялық ұстаздық дәстүрін, қазіргі поэзиямыздың өрістеуіне еткен ізгі әсерлерін зерттеушілер әлі анықтай түсер. Ал біздер қазіргі үлкенді-кішілі ақындар бұл кемеңгер суреткерді өзімізге әрқашан ұстаз тұтамыз. Бұл ойымызды кейінгі буынның ақыны Тұрсынзада Есімжанов Ілиясқа арнаған өлеңінде де дәл сездірген:


Алдымда Құлагердей бүкіл еңсең, Тұратын зор бәйгені күтіп өңшең. Қазақтың маңдайына өлең бітсе, Өлеңнің маңдайына бітіп ең сен.

Сен шыңсың бітеу біткен даламызға, Арқаусың асқақтаған бар аңызға.
Сен барда, барлық ақын – бала шәкірт, Бәрі ұлы, сен жоқ болсаң арамызда.


Ал, мен өлең өнерінің асқан зергері Ілияс Жансүгіровтің шеберлік өнегесін өзіме зор ғибрат тұтып өстім. Өзімнің «Ақсақ құлан» атты дастанымды Ілияс әсерімен, Ілияс үлгісімен жазғанымды мақтанышпен айтып келемін. Бұл ретте Ілиясқа арнаған өлеңімде:


Кеудеме ұялатып күй-әніңді, Қандырып кеттің жырға құлағымды. Сол бір күй жаңғырсын деп іздеп едім, Ізіңді мініп «Ақсақ құланымды» Жетісу нөпіріндей толқындаған, Жырыңды жамырасып ел тыңдаған. Өзіңше дауылдатып, жауындатпай, Ақын ба қиқылдаған, мыңқылдаған?! –


деп өршіл ақынның аруағына бас иген едім. Ілиястай асқақ, кемеңгер, зергердің поэзиялық өнегесі қазақ өлең-жырында әлі де ексімі күшті өзендей өрши беретініне шек жоқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу