12.04.2022
  1273


Автор: Қалижан Бекхожин

АҚСАҚ ТЕМІР МЕН АҚЫН

(Баллада)
Теңіздей тебіренді Жейхун бүгін,
Темірдің жыр еткендей жойқындығын.
Шығыстан шеру тартып келді лашкар,
Айбарлы қолдарында ақ алмастар.
Жарқылдап Аққойлының найзалары,
Құл мен күң топырлатып айдағаны.


Артылған атандарға алтын-жиһаз,
Әулеті шапқыншының тартуға мәз.
Қашанда жиһангерге жөн-жосығы,
Ақсақтың іздерінен қан жосыды.
Үндінің өзегінен қандар ыршып,
Жаралы қара пілдей қалды ыңырсып.
Тажал ғып Азияға берген тәңір,
Талқандап талай жұртты келген Темір.
Тапталды раушан гүлдер, иран бақтар,
Өртелді сәнді сарай, ғимараттар.
Бастарын қырылғанның қыштай үйіп,
Қалады мұнараны құздай биік.
Құл етіп тірілерін бұғаулады,
Сел болып көзден жастар былаулады.
Ал қазір, долы Жейхун жағасында,
Жөңкілді жортуылдар аласұра.
Қағылды даңғыралар, мыс кернейлер,
Даңғаза лаңды тобыр түскен жерлер.
Бұл маңда ағылған жұрт шартараптан,
Татуға әмір қойған бұл шараптан.
Тігілді ақ шатырлар көк орайға,
Тәңірі машұрықтың Темір қайда?


Ашынған жолбарыстай ақсаңдаған,
Темір ғой ақ ордаға басқан қадам.
Жиһангер шықты төрге керіп кеуде,
Туғаннан мен-мендікке жерік пенде.
Шулап жұрт, сырнай-керней безілдеді,
Сақилар шараптарын әзірледі.
Шайырлар қошеметпен жырын арнап,
Нәзірқой диуанадай кетті сарнап.
Отырды бұзбай әмір кәрлі жүзін,
Қыпшақтың жұтып қойып сар қымызын.
Жүгіртіп сойқан ойын мың бір саққа.
Аңсары ауып кетті Мысыр жаққа.
Жан-жақты арыстандай бүріп келдім,
Түспейтін уысыма түріктер кім?
Үндінің ыстық жерін аяз еттім,
Басына қан жаудырам Баязиттің.
Азуын ақсақ барыс қаршылдатты,
Сезгенді, қабығымен қалшылдатты.
Шабарман кіріп келді – алдиярлап!
Қыран көз бір сұмдықты қалды барлап.
– Не гәп бар Ширазымды жау
шапты ма, –
Аптығып неге келдің алшақ мұнда?


– Жоқ, тақсыр, Ширазыңыз гүл бағында,
Өзіңіз жасап кеткен тұр бабында.
Кім батсын шаһарларға сіз билеген,
Әмірсіз талай жұртты сазға илеген.
Шираздан шықты қазір мүсәпір жан,
Сөйлесе сөзі зәрлі мұсатырдан.
Сайранды жұрт алдында, майханада,
Бейпіл жан у асаудан тайсала ма?
Қажет пе ондайларға асыл мекен? –
Түріктің бір қызына ғашық екен. –
Сол бір қыз езу тартып күлгені үшін,
Бетінде оймышталған бір мең үшін.
Садаға Самарқан да, Бұқара да
Деді сол, күстана жан бұлтара ма, –
Дегенде Әмір шапшаң ұшып тұрды,
Мынау сөз ашуын тез ушықтырды.
– Кәлләсін қақпадың ба ол кәзәптің,
Сыртымнан қалай соған тіл безеттің?
– Падишам! Айдап келдім, міне, бейбақ,
Саудалап Самарқанды жүрген сайрап.
Көзінен жалын атқан мұртты жігіт,
Алдында арыстанның тұрды күліп.


Даусымен сескендірген талайларды,
Арп етіп аю Темір қарай қалды.
–Сенбісің пейішімді саудалаған,
Ғайбат сөз айтқан емес, жау да маған.
Мүскін жан білемісің айбынымды
Бұрқ етсем – сөндіремін ай-күніңді.
Жаһанда асқан менің салтанатым,
Кентім бар күллі дүние таң қалатын.
Ғаламда шаһар бар ма Самарқандай,
Көрген жан сәулетіне қағар таңдай.
Айдап кеп шеберлерін нелер кенттің,
Жауһармен күмбездерін бедерлеттім.
Шексін деп маған дұшпан жан азасың,
Қыстақ қой қасында оның Бағдат,
Мысыр.
Сен кімсің? Мәжнүнбісің, сайтанбысың?
Қидың ба байтағымды сайқал үшін?
Шаһарым тамсандырған жердің жүзін,
Қиям ба берсе құдай хордың қызын.
Ғажайып Самарқанның бір қышынан,
Садаға кетсін сол қыз сиқырсынған.
Тіліңді кесейінші, қайыс таңдай! –
Ақырды ашулы Ақсақ арыстандай.


Шатырға енгендей бір сел дүбірлеп,
– Хафиз ғой! – деген лебіз кетті гулеп.
– Хафиз – деп сайыпкерлер кетті
шулап...
Қошамет ақын үшін – абырой, бақ.
Ашулы әмір сонда ойға батып,
Тағына қонып қайта қалды қатып.
Долы сөз көмейіне тақалды да,
Өр басып шайыр келді тақ алдына.
– Алдияр, падишасың айбыны асқан.
Сұсыңнан шартарапты қайғы басқан.
Ғаламды тітірентті зіл-қаһарың,
Жарқылдап жай отындай зұлпықарың.
Еттің сен жермен-жексен мазлұмдарды,
Естимін іздеріңнен кезген зарды.
Жанышпай сақтады деп өскен гүлді,
Ақындар мадақ еткен Ескендірді.
Рүстемдей батыр бар ма мақтар бүгін,
Фирдоуси ашып кетті шахтар сырын.
Шах бар ма жеткен ақын қадіріне,
Құрсауға түсті басым қазір, міне.
Сөздері дүниеге алтындай таң,
Қаңғыртты Фирдоусиді Махмұт сұлтан.
Махмұт дозағында қалды мәңгі,
Фирдоуси тебірентіп жүр бұл ғаламды.


Семсері діріл қағып тұрған шақта,
Низами бас иді ме Ширван-шахқа?
Мүскінмін, соларды мен пір тұтынған,
Өлсем де айрылмаспын жыр-құтымнан.
Ақым жоқ Самарқанның бір тасында,
Сән көріп айтып едім сырласыма.
Ақындар ғашық үшін шегіп қайғы –
Садақа еткен талай күн мен айды.
Күн мен ай жайнап тұр ғой аспанында,
Сәуле боп Самарқанның тастарына.
Кім қияр Самарқанды сізден батып,
Шайырға айту ләзім сөз тулатып.
Түріктің сол жымиған сұлуына.
Мысырлар шақ келмеді сыйлығыма.
Қиратқан сан шаһарды Құдай-күшің,
Жыр үшін бір қаланы қимаймысың?
Тақсыр-ау, түсінбесең әзілімді,
Тілімнен таптым дермін жазығымды.
Ашынсаң Мекке таңын өшірерсің,
Қағбаны Самарқанға көшірерсің.
Алдында айдаһардың киіктеймін,
Жасымас бас алсаң да биік пейілім.


Күнәкар бұл басымды әңгелектей,
Кесе бер, тақсыр, жылдам, әуре етпей!
Құп алса жан сырымды жарандарым,
Дарыды мазлұмдарға жан арманым.
Соларға қалар жырым, зарын шағар,
Даңқсыз ғайып болар падишалар...
Сол сәтте жанарынан жалын атып,
Семсерін қалды Темір жарқылдатып.
Жаршының сөзімен жұрт шырайланды
Шатырға мадақ айтып шулай қалды.
Ақынға қадап көзін шақырайған,
Тоқталды Темір сонда қалып қайран.
– Сен менен сескенбейтін шайқымысың?
Ғаламға үрей салған – айқын ісім.
Кеммін бе атышулы Рүстеміңнен? –
Шошыр жау айбатымнан түске кірген.
Бір өкшем қадалған жер қайысады.
Бір тепсем Қап тауы да майысады.
Жаһанда жаншып келем бір аяқпен,
Жаратқан жастан мені құдай өктем.
Әлі де сілкінтемін бұл ғаламды,
Егер шын, шайыр болсаң біл бағамды.


Қой, сонау өткендерге сандалуды,
Айт мынау әлеуметке салмағымды!
Деп Темір көзі жайнап бұрылды да,
Қырандай қона қалды тұғырына.
Айтсын деп елірді жұрт ордадағы,
Берер деп өміріне зор бағаны.
Темірге қарай қалды ақын сол шақ,
Қарады тұла бойын сынай қоршап.
Әмірден қатал жауап сұрағандай,
Тесілді тұлғасында кінә бардай.
Қымсынды арыстандай асқақ кеуде,
Әсілі тіл батпаған ақсақ деуге.
– Апырау, мынау шайыр шайтан ба шын?
Кемітіп падишаға айтар ма сын?
– Алдияр, қаһарланса әлемдегі,
Күтпеңіз зор бағаны менен тегі.
Сұсты боп жаралдыңыз – сол бағыңыз,
Әйтпесе ауыр емес салмағыңыз.
Алтынға – темір, сірә, тең бола ма?
Бағаңыз – жиырма бес теңге ғана.
Сол бір сәт соғылғандай Жейхун жарға,
Бұрқ етті Темір мынау шайқы жанға.


– Сен өзің шайыр емес, найсаппысың?
Темірмін, тегеурінді байтақ күшім.
Алмастай түкірігім тасқа тамған,
Атымды естіген жау естен тынған.
Әлемде алтын емей, теңгемін бе?
Жиырма бес теңге тұрар белбеуім де!
– Алдияр, айтқаныңа құлдық ұрам!
Жасқанып алдыңызда құлдыраман.
Қажеті өз басыңның бар ма маған,
Құны ғой белбеуіңнің берген бағам.
Тақсыр-ау, қалап сізді кім алады?
Кездескен шеңгеліңе шырмалады.
Жүрегін жұттың ба сен айдаһардың?
Қылышын әзірейілдің қайрап алдың.
Жолыңда қақтыққанға қан асаттың,
Ашуың алауындай арасаттың.
Әміршім, жан емессің әз пейілді,
Кім сатып алушы еді әзірейілді?
Саудаға сала көрме бұл басыңды,
Алтын деп айтар кім бар зіл тасыңды.
Түсерсің таразыға ақыретте,
Алдияр, мейлің маған, рақым етпе!


Теңселді тыңдаған топ тілден мынау,
Неткен сөз тастағандай темір бұғау!
Түйіліп Әмір отыр қара бұлттай,
Жау емес жайпайтұғын қара құрттай.
Мың тілді, сүйреңдеген кесер еді! –
Қатал жан, қозғалмады, не себебі?
Қараса, жортуылдар күбірлескен,
Ой ма бұл солардың да сыры кешкен?
Темір ғой, азу тісі ай білеген,
Жанына жуымаған қайғы деген.
Қалайша мына заржақ іркіп кетті? –
Бетіне дозақ отын бүркіп кетті.
Қанжарын суырды да жалап алды,
Бірақ тез байсалды жан бола қалды.
Терең бір күрсінді де әрең шыдап,
Ақынға Ақсақ Темір қойды сұрақ?
– Шаяндай қырар едім шіркіндерді,
Айтшы осы, ақындарға кім тіл берді?
– Әмірім, қырар едім шіркіндерді,
Айтшы осы, ақындарға кім тіл берді?
Болса егер, ақындардың удай сөзі –
Үйреткен оны – ақын құдай өзі.


Құран да жазылған ғой өлеңменен,
Паш еткен адам сырын әлемге өлең.
Дана сөз ғарышыңнан асқан әрмән,
Айбынды ол – асқақтаған патшалардан.
Ақындар өтті талай сөз жебелеп,
Тудырып жауыздарға сөзбен әлек.
Білгендер әулие сөз қасиетін,
Әзелден ақындарға бас нетін.
Тұсында тіл безеген мүскініңмін,
Түсін сен, парасатын күшті үнімнің.
Ұқпасаң ал басымды, көп қыстама,
Басымды сарайыңа қыш қып қала.
Немесе босат мені ғашығыма,
Махаббат мұңын шертем асылыма.
Өзіңе қала берсін Самарқаның,
Шираздың сайрандаймын самал таңын.
Сол бір сәт Темір қасын қағып қалды,
Бұл шырай әлде неге бағытталды? –
Сезген жұрт жолбарысты қабағынан –
Гулесті айыққандай нала-мұңнан.
– Ал Хафиз, тарт Ширазға сайра тағы,
Гүл жырың жанымызды жайнатады!


Әмірдің ақын шықты шырмауынан,
Жыртқыштың құтылғандай тырнағынан.
Асығып ғашығының сыр-назына,
Жөнелді ақын сабаз Ширазына.
Ал Темір босағандай бүлік жаудан
Қаһарын әрең тапты түрікке ауған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу