12.04.2022
  4415


Автор: Қалижан Бекхожин

БАТЫР НАУАН

 І
Бәрінен айбыны артық батыр Науан,
Қазақта батыр бар ма жеткен оған?
Жусатқан талай жауды жалғыз өзі,
Майданда найзағай ғой көкте ойнаған.
Жасынан от жүрегін көкпен көміп,
Өсіпті жанған өрттей өршеленіп,
Толықсып тоғыз жаста атқа мінген,
Арқаға анталаған жауды көріп.
Жас Науан биыл жеткен он сегізге,
Дүбірлеп даңқы кеткен барлық жүзге.
Аңсайтын жортуылды асыр салған,
Жортатын жолбарыстай құла дүзде.
Сүйетін аруақты Кене ағасын,
Кененің кең пейіштей Сарыарқасын,
Сүйетін туған тауын, өскен жұртын,
Сол үшін жарқылдатқан көк найзасын.
Батырлар сағынғандай сол Науанды,
Амалсыз іштерінен күйіп-жанды.
Жас Науан күнәлі ғой, неғып келсін,
Қалайша жұбатпақшы Кене ағаңды.


Бәрі айтты: «Көтерейік көңілімізді,
Тағы да әнді шырқа, тарт қобызды».
Соны айтып күрпілдетіп сар сабадан
Саулатын құйып жатыр сар қамызды.
Сол кезде біреу кірді басып алшақ,
«Кене ағаң қайсы? – дейді, – айтамын дат».
Кенені төрде отырған сезді-дағы,
Алдына барды жігіт алдиярлап.
Барды да Кенекеңе басын иді,
«Алдияр, ер едіңіз мейірімді,
Айрылған ел-жұртынан бір бейбақпын,
Естіңіз сорлы болған біздің күйді.
Руым атышулы Алшын-Жаппас,
Жігіт ем жалқы болып өскен маңғаз.
Еліміз Ырғызды өрлеп көшкен жайлап,
Шөмекей, шектілермен шекаралас.
Ел едік еркін жайлап жатқан тыныш,
Құт орнап аулымызға қонған ырыс.
Жүр едік қызық сайран думанында,
Тап келді енді бізге бір сұмдық іс.
Сол жаққа Ақымет деген төре шықты,
Өзі бір батыр дейді жаннан мықты.
Қасында жер қайысқан солдаты бар,
Көрді де қаһарынан ел дүрлікті.
Ел жатты артып жүгін улап-шулап,
Келді олар жасақ құрып жортуылдап,
Шапты елді, өрістегі малды айдады,
Ақымет айғай салып адуындап.
Сөз айтқан адам болса – кетті өлтіріп,
Кенеке, көріп пе едік бұндай бүлік.
Әкетті қарақат көз сұлуларды,
Зарлатып, қара шашын төгілдіріп.
Істеген сұмдығы көп басқа тағы,
Әкетті шырылдатып жас баланы.
Құл қылып, жау жұртына сатпақ дейді,
Соны ойлап саулап көзден жас тамады.
Бар еді бота көзім – сүйген жарым,
Жоқ еді ол тұрғанда түк арманым.
Патшаның офицері алып кетті,
Айрылып ғашығымнан аһ ұрамын.
Сұлуым отыр ма екен жасын төгіп,
Жаралы жас жүрегін жаспен көміп.
Шелтиіп отыр ма екен бір шартығы,
Әлде оның дидарына өліп-төніп.
Зары тұр еңіреген құлағымда,
Сұлуым торға түскен, батқан мұңға.
Алыста күңіреніп көшкен елім,
Қамалып құлазыған халық мұңға.
Кенеке, айбыныңыз асқан таудан,
Құтқаршы сұлуымды сол бұғаудан.
Сорлаған ел-жұртыңды сақта өзің,
Самсаған албастыдай сонау жаудан.


Кенекең басын жерден алды тартып
Ашулы аузынан жалыны шалқып.
Сөйледі саңқ-саңқ етіп қаһар төге,
Желікті найзасымен жерді тарпып:
– Қазаққа сонау патша көз алартып,
Самал тау, шалқар көлін алды тартып.
Аруақты хан Абылай баласы едім,
Дұшпанға жол бермейтін айбыны артық.
Бұл кезде шатырайып шыққан төре
Кеудесін сап-сарала жезбен кере.
Арқаны ата некес жауға сатып,
Желігіп бара жатыр өңшең неме.
Қазақ елі, ала киіз туырлықты
Тәкәппар менсінбейтін басқа жұртты.
Құдай-ау, кез болдық па кер заманға?
Не пәле, естідім ғой бұл сұмдықты.
Ызасы Ақыметтің өтті маған,
Патшаның әскерімен ел талаған.
Қазақтың елін, жерін шенге сатты,
Кек әпер, батырларым, енді содан.
Кененің көзі шатынап оттай жанып,
Сөйледі айғай салып ашуланып:
– Ер бар ма бұл намысты қайтаратын,
Аулына Ақыметтің жалғыз барып?
Ер болса сол ауылға жалғыз барсын,
Шелтиген төресінің басын алсын.


Әкелсін жаяу айдап офицерді,
Көнбесе сол арада жарып салсын.
Кенекең бейне ашулы бір ақиық,
Қарайды жан-жағына қабақ түйіп.
Ер қайда бұл сапарға жортатұғын,
Барады намыс өртеп жаны күйіп.
Аттанам ертең кешке Абылайлап,
Жорыққа дайын тұрсын ауыл, аймақ.
Әуелі артық туған батыр болса
Әкелсін офицердің қолын байлап.
Бейне бір батырлары аш арыстан,
Жау десе бәрін-дағы ашу қысқан.
«Алдияр, мені жібер, барамын» деп,
Шуылдап қоя берді тұс-тұсынан.
Бәрі де түнде жортқан өңшең көкжал,
Ішінде қамал бұзған қаһарман бар.
Кім шыдар айбатына тау теңселткен
Ақырса Ағыбайлар, Бұғыбайлар.
Барам деп айғай салды ер Жоламан,
Бер деді бұл кезекті Шәкір маған.
Тәкаппар Жеке батыр кеуде қақты,
Ежелден жалғыз барып қамал бұзған.
Сөйледі Сүйіндіктің Жанайдары:
«Кенекем мені талай жауға айдады.
Осы жол өзімдікі, мен барамын,
Бұл қызық батырлықтың бір майданы!».


Сөйледі адуындап батыр Иман:
«Ел үшін ежелден мен жанды қиғам.
Әкелем бұл кекті де, жол менікі,
Қыпшақта ел бар ма артық ер боп туған?»
Батырлар сөйлеп жатты жамырасып,
Ызалы жүрегінен жалын шашып.
Бәрі де көрсетпекші өз ерлігін,
Көтерген найзаларын күші тасып.
Қобызын қолына алды Нысанбайы,
Сұңқардай жез таңдайы саңқылдады.
Тағы да өршеленіп қоя берді,
Мадақтап аты-шулы Наурызбайды:
– Бәрінен артық туған батыр Науан,
Қазақта батыр бар ма жеткен оған.
Кененің кеткен кегін сол әкелер,
Келе алмас қайтып аман басқа ешбір жан.
Аулыңда Ақыметтің күзет тұрар,
Қарулы жер қайысқан солдаты бар.
Шартылдап зеңбірегі жан жолатпас,
Қай жан бар жанған өртке қарсы шығар.
Өлімге бел байласын барған адам,
Бәрің де жалақтаған өңшең ноян.
Жол алсын, жастық, албырт күнәсі бар,
Күнәсін тартып қайтсын батыр Науан.
Өлімге барсын Науан– сол жазасы,
Сау келсе, кешер бәлкім, Кене ағасы.


Жүрмесін жас жолбарыс жонда қаңғып,
Боялмай қызыл қанға көк найзасы.
Науанның мінезі бар жастық, албырт,
Жау десе түйілетін ол жауар бұлт.
Батырлар аңтарылып тоқтай қалды,
Барсын деп батыр Науан айбыны артық.
Бергенсін Наурызбайға бәрі кезек,
Кенекең барсын деді басын изеп,
Жазасы – осы ажалға айдағаным,
Әйтпесе сол күнәсі өртейді өзек.
Бас иген Кенесіне батырлары,
Алдияр, әміріне, – деді бәрі.
Жөнелді қайдасың деп, – батыр Науан,
Алшыннан келген жігіт бағанағы.
ІІ
Жүр еді батыр Науан жонда жортып,
Ашулы жолбарыстай алабұртып.
Кей кезде құла дүзден құлан қуып,
Ақырған айғайынан аңдар үркіп.
Сағынып жүрген еді жортуылды,
Жортатын дауыл соққан жарым түнді.
Жігіті Алшын-Жаппас жолыққан соң,
Жүзінде жалын ойнап, жүз құлпырды.
Тебініп торала көз үзеңгісін,
Аспанға жарқылдатты көк сүңгісін.


Жөнелді жігітті ертіп, жау еліне,
Әмірін Кенекеңнің естігесін.
Кенекең аруақты, әмір етті,
– Жауыма жібермеймін, – деді, – кекті.
Бүйірін Ұлытаудың дүбірлетіп,
Жас Науан жолбарыстай жортып кетті.
Ақауыз жарқ еткізіп ай тұяқты,
Бауырын өрден өрге жаза шапты.
Бұрқ етіп аспанға ойнап шыққан шаңы,
Артында әр төбенің қалып жатты.
Науанның мінезі бар жастық албырт,
Қазақта батыр бар ма одан артық?
Ақауыз ақ қанатты ат емес пе,
Жөнелді алты арқадан алты-ақ қарғып.
Алдында жарқылдайды қоғалы көл,
Қоныпты аққу құсап жағалай ел.
Ауылы Ақыметтің сол арада,
Түн еді, ауыл ұйықтап жатыр түгел.
Дауысы естіледі үрген иттің,
Күзетте бірен-саран жүрген жұртың.
Қотаны орта ауылдың қара-құрық,
Сәуле тұр төбесінде бір түндіктің.
Наурызбай қарап тұрды аттан түсіп,
Қоғаның арасында жасырынып.
Қасында жас жігіт бар үрейленген,
Шошынып бір құбылып, бір суынып.


«Ол үйде болып жатты бір мәжіліс,
Ішкені арақ-шарап, сылқ-сылқ күліс.
Отырды төре қазақ, бір жас сұлу
Толықсып торқа менен киген пүліш.
Жас сұлу азалыдай қайғыланып,
Өзегі өртегендей жатыр жанып.
Аққудай торға түскен сорлы сұлу,
Отырды бота көзден жасы тамып.
Офицер абдыраған естен танып,
Қазақтың сұлуына құмарланып.
Сүйеді қолын бұрап, ақырады,
Кей кезде шытыранып, ашуланып.
Ыржыңдап әңгіме айтып отыр қазақ,
Шелтиген офицерге тағзым жасап:
«Бар қазақ бас иеді енді сізге,
Көнбесе тартқызамын бәріне азап.
Кім қарсы тұра алады ақ патшаға?
Тәйір-ай, қазақта ондай бар ма шама?
Бүлікшіл бірен-саран жүргендер бар,
Әлгі бір Кенесары Сарыарқада.
Рас, ол өзі асқан батыр дейді,
Арқадан жігіт жиып жатыр дейді.
Өзара оны хан деп айтады екен,
Патшаның бұзамын мен шартын дейді.
Бар дейді қанды-балақ батырлары,
Жиылған көкжал дейді өңшең бәрі.


Кененің Науан деген інісі бар,
Сұм дейді жүрек жұтқан бір қаһарлы.
Ол өзі қалың қолдан таймайды екен,
Бір өзі мың кісіні жайпайды екен.
Бейне бір атышулы Шыңғыс дейді,
Дауылдай өрт ішінде ойнайды екен.
Бірақ та пар келмейді о да сізге,
Әкімсіз, жарты жаһан әміріңізде.
Төремін мен де елімде айбынды аздап,
Сескеніп бата алмайды олар бізге».
Наурызбай сол кезде үйге кіріп келді,
Ақырып, жалақтатып ақ семсерді.
«Інісі Кенесары – Наурызбаймын!» –
Дегенде бәрі шошып түрегелді.
Ақырды: Қолдарыңды тез көтер, – деп,
Атамын қимылдасаң орныңнан тек!»
Жас сұлу үрейленіп, төре састы,
Офицер қалш-қалш етіп тұр дірілдеп.
Науанның жолбарыстай түрі айбарлы,
Қояды жалақтатып көк қанжарды.
Төренің дір-дір етіп төрде отырған
Қасына қабақ түйіп жетіп барды.
«Інісі Кенесары – Наурызбаймын,
Айта бер иманыңды, бауыздаймын!»
Еңкілдеп қоя берді төре сонда
Жығылып аяғына Наурызбайдың.


Төреге наркескенін қалды салып,
Наркескен тамағынан кетті жарып.
Бауыздап басын тағы кесіп алды,
Жатқанда жер бауырлап ыңыранып.
Арқанмен офицерді алды байлап,
Жас сұлу соңына ерді ағатайлап.
Оралды құшағымен жан-жарына,
Мінгесіп мініп алды атқа жайдақ.
Жігітке: Жарыңды алып жөнел,– деді,
Жау шықса жалғыз өзім көрем деді.
Ұрланып қаша алмаймын қарақшыдай,
Кегі үшін Кенекемнің өлем, – деді.
Жас Науан жолбарыстай көзі жайнап,
Жүзіне жанып шықты жалын, қайрат.
Атына офицерді өңгерді де,
Ер Науан айғай салды Абылайлап.
Оянды ұйықтап жатқан қарауылшы,
Әбігер бола қалды ауыл іші.
Аспанға ақ семсерін жарқылдатып,
Жөнелді жар шақырып жортуылшы.
Даурығып тұра қапты көп қуғыншы,
Жортуыл түн жамылып құстай ұшты.
Ақауыз ақ қанатты ат емес пе,
Наурызбай жолбарыс қой дауыл түсті.
Артына қарап еді бір кез тоқтап,
Айнала қап-қараңғы, жым-жырт жан-жақ.


Зымырап Ақауызы кеткен екен,
Көз жазып қалған екен қалың қазақ.
Тастады офицерді талға байлап,
Жөнелді жау шақырып қайта айғайлап.
Үстінде тоғыз көзді кіреукесі,
Шарайна, көк сүңгісі жалт-жұлт жайнап.
Жүр екен қараңғыда жау шұбырып,
Тоқталып Науанды іздеп жасақ құрып.
Батырдың айғағымен қаптай шапты,
Алыстан алабұртып жау дүрлігіп.
Көрді де батыр Науан қарсы шапты,
Найзасын бір қолымен жарқылдатты.
Семсерін бір қолымен көкке сермей,
Жұлдыздай жаудың тобын жарып ақты.
Жапырылып сермеген жер құлап жатты,
Жан-жақтан күрсілдетіп мылтық атты.
Ер Науан Ақауыздың басын тартып,
Ашумен Абылайлап қайта шапты.
Жауымен айғай салып араласты,
Ақырып ат үстінен найзаласты.
Ішінде қалың топтың батыр Науан
Сермеп жүр жарқылдатып ақ алмасты.
Ер Науан жау ішінде ойнақ салды,
Тоқсаны Наурызбайды ортаға алды.
Найзасын алды-артына сілтей берді,
Түн еді көз түрткісіз тас қараңғы.


ІІІ
Жүрегім өрт болады ер дегенде,
Ерді айтсам еңіреген ел дегенде.
Ежелден ерлік істі елім сүйген
Сондықтан сүйсінемін ерге мен де.
Сәуерлеп сөйлейді екен кейбір білгіш,
Кім білсін, иә естісі, иә күндегіш.
«Несі бар өткенінде бұл қазақтың,
Тәйір-ай, көшіп-қонып жүріпті-міс».
Осылай айтады екен біреу күйіп,
Кім өзі, сумаңдаған білгішсініп?
Керуен боп ғасырлардан келдік пе біз
Түйенің өркешінде ұйықтап жүріп?
Байқа сен, өткеніме қара үңіліп,
Көрсетпей тұрған шығар көзілдірік.
Кенекең аруақты ашынса егер,
Басын да найзасымен кетер жұлып.
Арқадан аруақты ұлдар шыққан,
Ашынса аспандағы айға ұмтылған.
Ежелден ер туатын ел емес деп
Есуасша сөз сөйлеген қай антұрған.
Асыр сап ат үстінде өскен елміз
Найзаны найзағайға теңегенбіз.
Жалғанның жартысындай қырда ойнақ сап,
Жау десе жер қайысып біз жеңгенбіз.


Даланың дауылына біздер теңбіз,
Алтайдан, Ақ Еділге жебеген біз.
Соғыстық жеті жүз жыл жеті жұртпен,
Тарих-ау, өзің айтшы кімнен кембіз?
Айбыны Кенекеңнің қандай күшті,
Ісінен сол ерлердің еске түсті.
Асқақтап Алатаудан асқан жырмен
Орнатам Кенекеңе ескерткішті.
Дүниеге Кенең келді қайғы арқалай,
Ел-жұрттан қамап алған жау жағалай.
Күңіреніп тұрған еді сормаңдай боп,
Сорлы жер сол кездегі Сарыарқадай.
Аттанды сонда жайға ер Кенекең,
Ақылы шалқып жатқан теңізге тең.
Арқаның ардагері сол емес пе,
Дүбірлеп жеті жұртқа даңқы кеткен.
Ер бопты арыстандай кеудесі кең,
Айбаты нажағай ғой күркіреген.
Арқадан атой салып жөнелгенде,
Алыста Еуропа да тітіренген.
Даланың дауылындай дүрілдеген,
Кененің Арқадағы дүсірінен.
Шетінен төрелері төмен бұғып,
Патша да үйіндегі дірілдеген.
Кенекең кернейлетіп жауға аттанып,
Найзасын батыр Науан қанға малып.


Арқаның алпыс тарау адырында,
Жүріпті қысқа күнде қырық шалып.
Мекендеп ұлы тауды жатты әскері,
Жау жүрек өңшең ноян жігіттері.
Желекті найзалары жарқ-жұрқ етіп
Арқаны күндіз-түні күзетеді.
Кененің жігіттері от, жау жүрек,
Түн болса жортады екен тау жебелеп.
Аңдысқан атанекес дұшпанынан
Аттанған Абылайлап алуға кек.
Бір күні Кене отырды ордасында,
Ашумен басын сүйеп найзасына.
Қасында батырлары ойға батқан
Нысанбай күңіренген ортасында.
Кененің батагөйі ой тербеткен,
Жез таңдай көмейінен күміс төккен.
Сарнаған қобызымен Сарыарқаны
Нысанбай саңғыратқан, күңіренткен.
Кенекең ауыр оймен қапаланып,
Жатқандай ер кеудесін жалын шалып.
Отырды сорлы болған Сарыарқаның
Сарсаңға түскен елін есіне алып.
Есіне түсті жері Арқадағы,
Көкшетау, Баян-аула, Қарқаралы.
Кененің кеуде толған кермек ойын
Нысанбай жырыменен тарқатады.


Жыршысы өткенінен шерткен кеңес,
Арқа үшін болған екен талай егес.
Ертеде болған екен батырлары
Жауына ойран салған атанекес.
Жыр қылды Абылайын кешегі өткен,
Арқаны ол да талай дүбірлеткен.
Шығыста шуылдатып жеті жұртты
Батысқа атқан оқтай даңқы жеткен.
Өтіпті ерлер қорып ата жерін,
Арқаның күміс көлін, жасыл белін.
Дүбірлеп орай шапқан Абылайлап,
Сағымы сары алтындай төңірегін.
Сескенткен айбынымен жеті жұртты,
Жоңғар мен шүлдірлеген жау шүршітті.
Арқаның аруақты батырлары
Бір кезде тау теңселтіп, жер сілкінтті.
Сарнатып жел қобызын есе тартып,
Ерліктің әуенімен жыршы шалқып.
Сөйледі қанша батыр өтсе дағы
Солардан Кенекеңнің айбыны артық!
Арқаға сонау патша көз алартып,
Етегін өртіменен жатыр шарпып.
Арқаның панасы ғой ер Кенекең,
Жау қайда жер алатын бізден тартып.
Ерлігін Кенекеңнің күймен шертіп,
Айтқанда батырлары отырды елтіп.


Мақтайды жортуылшы жігіттерін,
Жорығын ертегідей әңгіме етіп.
Отырған өңшең батыр көкжал бөрі,
Ерлікпен тасығандай көңілдері.
Па, десіп шуылдасты бәрі-дағы
Айтқанда Наурызбайды – жанның ері.
Күрсініп отыр Кене салғырт тыңдап,
Жыршы мен даурыққан жұрт мақұлдап.
Қобыздың күй сазымен ер Науанның
Атағы аспанды алып шықты аңқылдап.
«Бұл күнде ер жете ме Наурызбайға,
Сескенген айбатынан аспанда ай да.
Көркі еді жортуылдың, жиын топтың,
Батырлар, Науан айым кеткен қайда?»
«Кенеке, қайда кетті батыр Науан,
Ер бар ма пар келетін бұл күнде оған!» –
Десті де, батырлары шуылдасты,
Дауылдай даусы шығып ақ ордадан.
.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу