12.04.2022
  95


Автор: Қалижан Бекхожин

ОРЫС ӘНІ

І
Үн-түнсіз таң сәріде жасыл Нұра,
Аққандай толқындары жасырына,
Жағада шық бүркеген шілік-шоқы,
Иіліп құмартқандай жаз сырына.
Ежелден нөсері жоқ айқай-сүрен,
Шалқысын күз таңында қандай сырмен,
Жөнелген жыршы құсы, жапырағы,
Сып-сида ағашында жоқ қой сүрең.
Үстінде таң аспаны тұр бұлттана,
Жұтаң қыр, айналасы сұрғылт дала.
Ағады баяу өзен баяғыдан,
Сол қырдың көштеріндей жылжып қана.
Әлі де дел-сал меңіреу, дала сұлық.
Бұлттарды таң қанаты алға сырып
Жайылды. Түн қуғандай сол елеңде,
Салт атты қырда неге жүр асығып?
Әлде бұл жарға асыққан бір жолаушы,
Немесе жел-құйын боп жүрген аңшы?
Нұраға тыныш жатқан дүбір беріп,
Бұл жортқан түн ішінде қандай жаршы?
Келеді әлдененің әлегімен,


Асқанда қырдың талай белеңінен,
Түн жарып жасыл Нұра көзге түсті,
Сонда ашу тарағандай ер өңінен.
Өзенге сақтағандай сағынышты,
Жүрегі жүргіншінің алып ұшты,
Ұмытты ызасын ол, таң да, әне,
Аспанға жайды нұрын алтын түсті.
Нұрадан өзен бар ма ыстық өзге?
Бесігі болған еді жастық кезде, –
Ауды екен әке сорлы неге бұдан,
Көштерге еріп ылғи босқын кезбе?..
ІІ
Жігітті қырдан асқан таң қалдыра,
Көрінді туғандай бір таңнан Нұра.
Тұрғандай мүлгіп жаға, тал ырғалып,
Секілді кенересі толған нұрға.
Қалғанда суға жақын, өрі биік,
Алдынан зымырады орғып киік.
Түйілді аңға жігіт жас бүркіттей,
Атына қамшысын да қалды үйіріп.
Кенеттен естіп әнді, тұрып қалды,
Неткен ән қанат қаққан жарып таңды?
Киіктен құйқылжыған озып бұл үн,
Аралап жөнелгендей жазықтарды.
Сол бір ән аңқып желдей таңертеңгі,
Қозғалып ұйқысынан тал тербелді,
Шымырлап шусыз аққан өзен беті,
Толқыннан туған ән бұл, терең шерлі.
Күн емес, осы дауыс жерді оятқан,
Керілді таңғы дала ойға батқан.
Жабырқап тұрған жаға жаңғырығып,
Бұл әнді естілмеген талай тапқан?


Өзенге жақындады жас жолаушы, -
Естілді қыздың үні – орыс даусы,
Сазында мұң да, сыр да терең еді,
Кім екен, тебірентіп ән шырқаушы?
...Алыс қыр, айнала қыр,
құйын қарлы,
Жалғыз жан күңіренткен күйік әнді.
Борандай бұрқап көкке көтеріліп,
Сыңсыған жер сипалап, кейде зарлы.
Көтерген арман даусы құйындарды,
Өле алмай жатыр ма әлде қиып жарды?
Сорғалап кейде көктем жаңбырындай,
Ыстық жас қар үстіне ұйып қалды.
Үзіліп махаббаттың соңғы даусы,
Боранға көмілді ме сол жолаушы?
Ән жүйрік аттан және ажалдан да,
Күштірек бораннан да соқшы, жаушы!
Жарына ақтық үнді алып баршы,
Ежелден махаббатқа өлең жаршы –
Көзіңе жас келсе де қыр түлегі,
Жүрекке сол бір әнді, құйып алшы!
«Япырау, неткен дауыс,
Қандай ән бұл,
Толғанып кетті ме екен таңғы бұлбұл?
Таңсық үн Нұраны алып, таң сәріден,
Қалайша мұңды дала жаңғырып тұр?»
ІІІ
Бүгін де аққан Нұра күндегідей,
Ауылдай баяу көшкен сыр білдірмей.
Тұңғиық өзен түсі, тек тал ғана
Сыбырлап тұрды бөбек күбіріндей.
Мұнартып тұрған тыныш жағасына,


Келіпті таңсәріден шал асыға.
Өзенге ауды тастап, суды сүзіп,
Жас қызы жаутаң қағып жүр қасында.
Ақ сазан, алтын шабақ асырын сап,
Әдейі ойнағандай жасырынбақ, -
Көрініп шал мен қызға жоқ болады,
Сүңгиді, су астында қашып, зырлап.
Жабырқап балықшы шал тұрды осыған,
Жүзінде бар секілді сыр ашынған.
Сарғыш шаш қырауытып, көз суалып,
Өткендей өзен қайғы шал басынан.
Ілінбей сүзекіге жалғыз балық,
Күрсініп қажыған қарт қалды налып.
Өзеннің желді күнгі толқынындай,
Басында бұрқанып ой жөнелді ағып.
Кеткенде ойға батып, шал жабырқап,
Жас қызы жұбататын әнін шырқап,
Қазір де ағындайды қыздың сазы,
Тыңдап тұр соны жігіт әрең шыдап.
Өзеннен толқындап үн, өрлеп селдей,
Жағалай сұп-сұр дала... сол бір әуен
Шалдың да шерлі жанын тербеткендей..
Мінеки, келді жігіт, қалды танып, -
Кәдімгі балықшы шал, Жагор, анық.
Жас жігіт көрінгенде, қыз қымсынып,
Қайран ән қалды үзіліп... Жігіт барып,
Жагорға сәлем беріп, жатты шұлғып,
(Әнші қыз, кенет ойға батты мүлгіп
Жігітті бала кезде көргендей бір
Қиялы жас шағына ақты зырғып.)
– Япырау, біздің Жагор, ағаймысыз?
Бұл жақта адасқандай қалай жүрсіз?
Қалайша кеп қалдыңыз поселкадан,


Тұруды біздің жақты қалаймысыз?
Алексей қайда?
– Шырақ, кім едің сен?
– Үкеннің баласымын, атым – Дүйсен.
– Сенбісің! Көгершінім, бұл сен бе едің,
Жылы жүз жөн сұраған бұл кім десем.
Жагор қарт жас қазақты сүйді қысып,
Есіне өткен сонау күндер түсіп.
Үкеннің сұрап кетті халін Жагор,
Ежелден өскен жандай бір туысып...
IV
Жалғанда не көрмеді сорлы мұжық?
Заманның азабынан артып зіл-жүк.
Өтіпті бабасы да, баласы да,
Өмірде қорлықпенен көріп құлдық.
Қатал заң, қытымыр күш, дөкір билік,
Езетін Россияда адамды іиі ғып.
Бай, төре-патша еркесі, ал мұжықты
Шырмады жоқтық жылан, сор қиындық.
Жагордың көргені сол, тартқаны шер,
Бұйырмай мекенінен ұлтарақ жер,
Мыңдаған шаруадай босқын етіп,
Бұл жаққа айдап келген жоқтық-ділгер.
Ол кезде ойлап еді – барсам көшіп,
Бұл қырда ұлан-байтақ, әзір несіп.
Ен дала, жатқан еркін жер емес пе?
Елінде еркін шығар еңбек-кәсіп.
Болмады ойлағаны... жүдеу дала,
Мұнда еркін ойнақтаған тек жел ғана.
Қаңбақтай елбең етіп, көшкен қазақ,
Ен дала аясынан таппай пана.
Жатса да жомарт дала жазылып жай,


Жалғыз-ақ көреді екен қызығын бай.
Қырында бүрсең қаққан жарлы қазақ,
Орыстың бейнет шеккен мұжығындай.
Ауған жан шет өлкенің қиырынан,
Көп кезді көрмей рақат қиын қырдан.
Байлары жаны қас боп Жагорларға,
Жыландай жерді сабап жиырылған.
Осылай жоқшылықпен жүрген тұста,
Келіпті Нұра жаққа, Жагор қыста.
Үйіне Үкен сонда паналатып,
Табысқан бейтаныспен тар қуыста.
Ақ пейіл, жарқын мінез, кеудесі кең,
Ізгілік сезілгендей өр түсінен.
Үкенге ұнап кетті осы Жагор,
Сүйкімді мінезімен, әр ісімен.
Жатсынбай, ауылында ала қылмай,
Сыйлады ол, өзінің дос қонағындай.
Тілін де, әдетін де біліп Жагор,
Үкеннің болды туған адамындай.
Біреуге үй, біреулерге орнатып пеш,
Көмегі жұртқа тиді ертелі-кеш.
Өзі тек балық аулап, ал ауылға
Егіннің қасиетін етті кеңес.
Келгендей өзін біреу айдап бейне,
Налитын туған жерін ойлап кейде,
Осылай жүрген шақта сол ауылда
Туды ұлы, сүйіктісі Алексей де,
«Сақтасын орыс тілін, орыс рухын,
Бағыма бұл кезеңде дұрыс тудың,
Сәті боп оқи қалса бір қалада,
Болмасын ұрпақтарым мендей қуғын...» –
Деп Жагор жүрген кезде ой үдетіп,
Кетіпті алты жылдай өмір өтіп.


Бір күні село даусы жетті Есілден,
Егінші жер сауырын дүбірлетіп.
Тартты ма егіншілік кәсіп ескі,
Әйтеуір, село жаққа Жагор көшті,
Алайда, Үкен досы кейде келіп,
Шертетін екеулері сыр-кеңесті.
V
– Е, балам, қалай әкең, әлі тың ба?
Алдына мал көбейтіп алатын ба?
– Әлі де шаруасы қиыр-шиыр,
Бар малы – өспейтін бір екі-үш сиыр.
Амалсыз көндіккендей шал бәріне...
Айтыңыз... Алексейдің хабары не? –
Өзі де қайғылы еді, Жагор тегі,
Жүр еді жанып іште жігер-кегі.
Жыл болды, жауыз патша әлегімен,
Баласын қан майданға жібергелі.
Хабарсыз сол ұлынан айрылғалы,
Соны ойлап Жагор байғұс қайғырады.
Кім үшін? – Германы кім? Патшасы кім?
Баласы кімнің кегін қайырады?
Күрсініп осы шермен жанды өзегі.
Үйінің сүйеніші жалғыз өзі.
Өзіне ұнап еді Алексейдің
Жасынан қайсар және өр мінезі.
Селода, ойлы бала жүрген кезде
Хат танып қалып еді, оқып лезде.
Оқитын кітап көрсе мүлгіп төніп,
Жас еді жұмыс десе, жаны төзбе.
Тартты ма жас жалыны бетіндегі,
Селоға сүйкімді боп кетіп еді.
Көргенде шаруалардың сор азабын,


Қайнайтын кеудесінде кек тілегі.
Дос еді Дүйсенмен де бала күннен,
Баурап ол ақылымен, талабымен,
Кеңесін шертуші еді сыры ғажап,
Оқыған адамдай бір саналы кең.
Шырмалып жүрген бала кезіндегі,
Шірік дін оқуынан езілмелі,
Ақылын Алексейдің ұғып Дүйсен,
Үш-төрт жыл бұдан бұрын безіп еді.
Айтып ол елдің өткен ерліктерін,
Болатын жандырғандай ерлік лебін.
Үйреніп қалып еді сол досынан,
Орыстың әсем өрнек әріптерін.
Сағынып сол бір досын өр талапты,
Кенеттен Дүйсен, міне, ойға батты.
Баласын алып еске, Жагор шалдың
Тағы да ызалары қайнап жатты:
– Көп болды қатал құдай басынғалы,
Мұжықтан берекені қашырғалы.
Егін де шықпай қалды биылғы жыл,
Өмірі сорымыз бір ашылмады.
Көлігім – жалғыз атым, ол көтерем,
Кемпірдің ескі ауруы басым әлі..
Кеттім мен поселкадан, бұл Нұраға,
Белгілі кәсібіме жасымдағы...
Жас жігіт тыңдап шалдың қайғы сырын,
Жанында шертілгендей күй жасырын.
Мұңайып қалды-дағы, кетті сөйлеп,
Сездіріп жүректегі зіл-ашуын:
– Жазықсыз даламызда жүреміз деп,
Қырсықты, қиянатты көреміз көп.


Біреудің атын мініп, бес күн болды,
Жоғалтып жалғыз атты, келем іздеп,
Жүргенде саяқтармен сонау қырда,
Ықтапты әнеугі бір сел жаңбырда.
Көріпті біреуі: сіздің село адамы,
Жүр дейді мініп қазір Сарыадырда.
Келемін сол селоға асығып тым,
Атымды ұстады екен басынып кім?
Көріп ем мұндай талай бүліктерді,
Соларды ойлап қазір ашыныппын.
VI
Білетін озбырлықты осындай тап,
Жагор қарт тыңдап тұрды басын шайқап,
Жігіттің ынта қадап сөзіне де,
Өзін де Мария қыз қойды байқап.
Сүйкімді күрең жүзді,
әсем сымбат,
Өр кеуде, жалпақ иық, бойы сұңғақ.
Бөркінен шашыраған бұйра шашы
Түсіп тұр кең маңдайға келісіп-ақ.
Өткір көз, қарақаттай қарашығы,
Қабағы әрі ойнақы, әрі ашулы,
Жіңішке қара мұрты – келбетіне
Әдейі біткендей бір жарасымды.
Қараса көзінен сыр қозғалғандай,
Мейірімді айтылатын сөздер бардай.
Өзенге тастап торды орыс қызы,
Жігітке қарап тұрды көз аудармай.
Су беті шымырлады, ыршып міне,
Аңырып балықшы қыз тұрсың неге?
Селт етіп, ауыр торды тартты Мариям,
Ілікті қыздың қолы несібеге!


Мариям торды жұлқып жатқан кезде
Дүйсен де түсіп суға кетті лезде.
Жас жігіт балық толы торды сүйреп,
Қарады қасындағы отты көзге.
Кейбір сәт жүзі күліп жас балаша,
Көзінен жалын атқан жалт қараса.
Бояу жоқ бетінде де, үстінде де,
Табиғат еркесіндей тап-тамаша.
Көз нұры сол өзендей жасылдана,
Қылықты қасиет бар қасында да.
Жұп-жұмыр ақ сазандай ақ мүсінді
Жұпыны көйлек бүркеп, жасыра ма?
Қыз дене қызықты өз қалпыменен,
Артық қой әсірелеп айту деген.
Тек аузы әсем күйдің аспабындай,
Бұғағы бүлкілдеген, ән тілеген.
Ана жыл көргенде бір бөбек еді,
Ол кезде анық байқап, елемеді.
Есінде сергек сыры бала қыздың
Күлгені еркін-ерке, билегені.
Жас жігіт таңырқады Мариямды,
Есінде айтылған ән қалып әлгі,
Тағы да әншіл жастың аңсап жаны,
Телмірді қызға қарап, сүйіп әнді.
– Қарындас, неткен ғажап әнші едіңіз!
– Ән емес, шыққан ол бір жан шеріміз.
– Шер ме еді?
Жүрегімді алды шырмап,
Тағы да сол бір әнді сап беріңіз!
– Масайрап ән шырқайтын мұнда жоқ қой.
– Жастықтың қайда жүрсе тойы көп қой...
Жөтелді Жагор тұрып жар басында,
Белгісіз – қайғыру ма, жоқ ашу ма?


Қыз, жігіт сөзді қойып, ауыр торды
Сүйрелеп шықты судың жағасына.
Міне, ырыс! Лық толыпты торға балық,
Осыған Жагор аға тұр қуанып,
Бұлқынып ақ шортандар жұлқып ауды,
Шомпылдап шабақ ыршып, торды қағып.
Сүйсініп Жагор мына табысына
Сөйледі қарап судың ағысына:
– Қуырылған балық жейсің біздің үйден,
Мария, бұл Дүйсен ғой, танисың ба?
VІІ
Тып-тыныш Сарыадырда шаң молайта
Құйғытты село жақтан бір тройка.
Алыстан күңгірлеген, дулы-шулы,
Гулеткен гармон тартып, жырын да айта.
Қай мырза думандатып келе жатқан?
Мезгілсіз сейіл құрып село жақтан?
Мариям көзін қадап, тыңдай қалды,
Жасынан гармон даусын ол ұнатқан.
Үш жігіт пәуескеде, қызу жырлап,
Келеді, жұтса керек бір азырақ.
Тартса да күйші гармон, сескендірді
Даурыққан дауыстары қызды бірақ.
Шегір көз әне біреу едірейді, -
Мариям тани кетті Андрейді.
Мақтаншақ, селодағы бай баласы,
Сыртынан қыздар оны «әңгі» дейді.
Неғылсын, жерге, малға бай әке бар,
Озбыр жан жегі-жебір пейілі тар,
Есілдің жазықтарын жүндей түтіп,
Нұраға ауды құлқы, болды құмар.
Жан-жаққа, иен жазыққа егіп егін.


Төстеген емін-еркін төңірегін,
Шаруаны езіп ылғи, қазақ көрсе,
Көтерген тәкаппар ол көкірегін.
Қадалса кімнен болсын, қан алады,
Қашады көрсе оны дала адамы.
Пәлеқор пейіліне берген ұйтқы
Парақор ұлықтары қаладағы.
Андрей масайраған, қызып, шалқып,
Гармонды дірілдетіп, үзіп тартып,
Көрді де Марияны арбасынан,
Өзеуреп сөйлей түсті бұзық-тантық.
«Сұлу қыз, неғып жүрсің оңашада,
Жүр бізбен серуенге, тамашаға...
Безініп жастық сайран қызығынан
Жүргенің балық аулап жараса ма?!»
Ал Дүйсен қарай қалды атқа төніп,
Үш аттың жон-жауыры аппақ көбік.
Күміс қыл кекілінен тани кетті,
Өзінің Ақсұр атын кенет көріп.
«Шырмалдың қандай сұмға, жануарым,
Мойныңнан күзеліпті қалың жалың!» -
Деп Дүйсен басын сипап өз атының,
Налыды жүрегінде жанып жалын.
VІІІ
Барса да Марияға екіленіп,
Андрей тұра қалды зеку көріп.
Өз атын ұстап жатқан сол жігітке,
Бұрқырап сөйлеп кетті жетіп келіп:
– Әй, қазақ, жөнел әрі, аттан аулақ!
– Бұл атты ұстап алдың қайдан аулап?
– Саған мен жауап беріп жата алмаймын.
Танысаң, бар, ала бер, сотпен даулап.


– Көпіріп зорлық айтпа, менің атым!
Бар еді жегуге оны қандай ақың?
– Жеп қойды егінімді шығындатты,
Сол үшін бір жаз бойы жегем атты.
Бетінше өріп жүрген малдарыңның
Осындай көп қырсығы маған батты.
– Мынауың жапқан жала, қулық мүлде,
Егін жоқ ол маңайда, қу өңірде.
– Бәрібір сенің атың еркін жайлап,
Жүр екен көкорайлы тың жерімде.
– Көрінді шатаққұмар екеніңіз,
Бұл ара атақоныс мекеніміз,
Бабаңнан мұнда қалған жерің жоқ қой,
Мал жаймай, енді қайда кетеміз біз.
Мынауың озбырлық қой нағыз тіпті,
Көргеміз мұндай талай жауыздықты.
Мұныңды әкімдерге жеткіземін,
Өзіңше болып тұрсың жалғыз мықты.
– Әкімдік бәрі бізде, яки менде,
Менімен тіресетін тегің тең бе?
Егессең, жеткіземін жандаралға
Аулыңды айдатамын Бетпақ шөлге.
– Байқа, сен тегімізге тіл тигізбе,
Белгілі Россияның жұрты біз де.
Қуа алмас ешкім бізді туған жерден,
Далама көшіп-қону еркімізде.
Қарыспа, қайсарлықпен қайтар атты! –
Деп Дүйсен өршеленді, айтты қатты.
Балығын тасып жүрген Жагор ағай,
Бұлардың керістерін байқамапты.
Келді де араласты сол ұрысқа:
– Көкисің күштімін деп, бұл дұрыс па?
Қой, бала, қыңырлықты, босат атын.


Әйтпесе...
ашулымын, сөзім қысқа...
– Бұл іске, балықшы шал, сен кіріспе,
Қайдағы киргиз үшін ара түспе!
– Атымды босат деймін!
– Сал жұдырық!
– Әрі кет, үйір неме арам іске!
ІХ
Осылай жанжал оты қызған кезде
Бұл жерге келіп қалды қыз да лезде.
Андрей едірейіп тұра қалды.
(Баса алмас едің оны сөзбен өзге.)
Мастығы бұзбайтындай қыздың шырқын,
Көз қарап, шырай берді әлгі шіркін.
Әдемі өткір көзді, ойнақы қыз,
Күлімдеп сол жігіттің қоймады ырқын.
– Би билеп жатыр ма деп келіп едім...
– Я, бикеш, солай... болсын көңілдегің
Мына бір кезбе киргиз болды бөгет, -
Сауықтың жасар едік кең дүрмегін.
– Ендеше соның атын жіберіңіз,
Гармонды гулетіңіз, жүр келіңіз!
Билейік, билеп мен де ән шырқайын,
Жадырап қалсыншы бір жүрегіміз...
Андрей қыса қалып көзін қылмаң,
Гулетті гармонын да өзі жылдам.
– Ал, шырқа, қыз, ал шырқа, биле, әйдә!
Кең көшеде, тау баурында,
Шырқалатын жыр қайда?
Андрей тартып, билеп жорғалады,
Гармонда созылып үн ырғалады.


Кенеттен қыз аузынан ән ұшқанда,
Жөнелді желдей кезіп жыр даланы.
Аңырып аузын ашты Андрей де,
Елшісі махаббаттың ән демей ме –
Соғылды шапалағы сар жігіттің,
Өзіне айтылғандай сол ән бейне.
Дүйсен де ат үстінде елеңдеді,
Кетпей тұр, шырмағандай өлең тегі.
Жагор қарт, қолын сермеп, күлімсіреп:
– Жігітім, атың олжа, жөнел! – деді.
Құйылды жүрегіне сүңгіп ән де,
Шертті ме махаббаттың жырын әлде?
Тізгінін Ақсұр аттың тарта берді,
Тартып қыз жырымен де, сырымен де.
Сол бір ән артта қалып өршіп жатты,
Мейлі бір өзен жыр боп ақсын қатты.
Па, шіркін, орыс әні қандай жақсы,
Құтқарған қыл бұғаудан Ақсұр атты!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу