Өлеңдер ✍️

  04.04.2022
  72


Автор: Абдрахман Асылбек

Нарық пен парық

Еркіне кетіп нарық,
Дертіне жетті парық:
Қайда да барсаң қырқысып,
Жұлқысып жатқан халық.
Біреулер әрең алып,
Қуырып жатыр балық.
Тісіне тісін қайратқан
Ырықсыз кеткен нарық.
Аяқ астында қалып,
Бір кемпір жатыр талып.
Мәнісі мұның не десең,
Тағы да сол нарық.
Біреулер тонап алып,
Тастасын мейлі жарып,
Құтқарар жан жоқ барып,
Осы ғой нағыз тамұқ.
Ас ішпеген соң жарып,
Адамның көбі арық.
Аш күзендей бүгілткен
Тағы да сол бір нарық.
Біреулер арқан салып,
Асылып қалған барып.
Көк тиын еткен тірлікті
Тағы да осы нарық.
Арынан безген анық
Қу, сұмдар ғана қарық.
Күндері болып туып тұр
Оларға осы нарық.
Шарықтап барып-барып,
Түскенше төмен нарық,
Оянған жақсы-ау бір кезде,
Біраз жыл ұйықтап алып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу