Өлеңдер ✍️

  04.04.2022
  109


Автор: Абдрахман Асылбек

Сатылған бейіт

Бір ақсақал қартайғанда,
Бойдан қуат-әл тайғанда,
Өзіне арнап бейіт соқты,
Жатайын деп жантайғанда.
Бағатұғын бала қайда?
Баратұғын пана қайда?
Құдай бір ұл бермеген соң,
Көнбейтұғын шара қайда?
Кемпірі де өліп қалған,
Туыс та жоқ, кеміп қалған.
Бір кездегі алып тұлға
Шандыр болып семіп қалған.
Көп жыл еткен бейнет ақың –
Не болады зейнетақың?
Ит тіршілік сүріп жатыр,
Кейде қалт-құлт, кейде тақыр.
Сексеннен жас асып кеткен,
Бойдан қуат қашып кеткен.
Бұл күнде қол жарамайды
Еңбегіне кәсіп еткен.
Дүкендегі май да қымбат,
Бір қайнатым шәй да қымбат.
Өле қалсаң, көр қаздырып,
Жататұғын жай да қымбат.
Тірлік керек тірі адамға,
Көсіп жұмсар мұра бар ма?
Қымбатшылық қысып тұрса,
Кім не берер сұрағанға?
Құрттай қызық көре алмай жүр,
Өзін-өзі жеңе алмай жүр.
Ақ өлімді он жыл күтіп,
Сол қарт әлі өле алмай жүр.
Өлер еді асылып та,
Машинаға басылып та.
Өзіне-өзі қол жұмсаған –
Имансыздық, асылық та.
Тірлік керек тірі адамға,
Дәлелің жоқ кінәларға.
Бейітін шал сатты ақыры
Ақшасы көп бір адамға.
* * *
Жылаймыз ба, күлеміз бе?
Жағдай осы, міне, бізде.
Ажал жетіп өлмеген соң,
Ит тіршілік сүреміз де.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу