Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  117


Автор: Нұрлан Оразалин

Барайыншы ұрланып....

Барайыншы ұрланып, ұрын саған,
жыр атқақтар жүректен ұрынса қан.
Сезімім саған деген ақжол сынды,
ақжолынан оңбайды бұрылса адам.
Ақжол – менің күндерім өткен кешіп,
жан әлдилер бір асыл көктем-бесік,
махаббаттың буына мас болғаным,
көкірегімнен күркіреп көктем көшіп.
Гүлзар бақта сайраған әнші құсым,
сәуле төгер кеудеме таң шығысым,
Ақжол – менің жеті қат көкті кезіп,
есімді алған Айлы түн, жан тынысың...
Сезім барда түндерім өлмес менің,
естен, сірә, кетер ме көл кешкенім?!
Ақжол – менің сенімен аймаласып,
ақ толқынды тағдырмен белдескенім.
Жанарыңнан саз ұрлап, күй ішкенім,
өртенгенім...
Өртеніп сүйіскенім,
Ақжол – менің ұятпен, армен асқақ
ақ шұғыла оранып, түйіскенім...
 
Сөйлеп отыр көкірек ән жырлатып,
Сыртта – жаңбыр...
Ақ жаңбыр...
Жаңбыр – бақыт...
Жетейінші, қарғам-ай, саған бүгін,
жеті түнде ұрланып, жаңбырлатып...
қыркүйек 1992 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу