Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  106


Автор: Нұрлан Оразалин

Сабыр ет...

Сабыр ет, ашуланба, айық, күнім.
Оят! Тербе! Кеудеңнің ғайып түнін.
Кінәлі ешкім емес, тек өзіммін.
Жеткізіп айта алмаған...
Айыптымын.
Шын сөзге шамырқанып, таласар кім?
Жаныңа кеше қатты жара салдым.
Биіктен құлап түстім шыңырауға,
кейіпсіз көз алдыңда аласардым.
Өмірдің ойы-қыры, жолағы көп,
бірде шаттық, бірде мұң қонады кеп.
Ойласам – кеуде – жалын, өзегім – өрт,
запыран көкірегіме толады кеп.
Мен кеше өзім емес, болдым өзге,
сайтан түртті... Кез болдым желді кезге.
Бойымды бір итмінез алды билеп,
жын-пері толды бойға, толды көзге.
Дариға-ай!..
Жанды өртеніп қызыл қайың,
бұзылды аспан...
Көктегі бұзылды Айым.
Жүрегім әлем-жәлем, сең көшкендей,
жоғалды сезімім де ізім-ғайым.
Көңілдің алды – жамау, арты – құрақ,
ауырлау кешірімнің шарты бірақ...
Кеш, қарғам!
Кешір мені, кешіре алсаң,
Алдыңда артық кеттім, артығырақ.
шілде, 1992 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу