Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  95


Автор: Нұрлан Оразалин

Бәрі сауда...

Бәрі сауда.
Алыс-беріс... Арбасу...
Әр сүйем жер аттап басқан – жар басу;
ағайынын алдап жатыр ағайын,
бұның аты – өзін-өзі «дарға асу».
Өтіріксіз қарға адым жер – күш аттау,
өнер болды өп-өтірік құшақтау;
бауырынан безіп кетті бауыры,
бұның аты – өзін-өзі «пышақтау».
Жердің бетін жаулап алды «жауыз» дау,
жүректерде – қаңыраған хауыз, бау...
Азаматтар аналарын ұмытты,
бұның аты – өзін-өзі «бауыздау».
Құлақ түріп жатпайды жұрт түк үнге,
ұятсыздық кәсіп болды бүгінде.
Ата сөзін аттау тіпті түк емес,
бұның аты – орға құлау түбінде.
Арман, мұрат саз балшықтай езілді,
құм қылды өмір жігер менен төзімді;
тар төсегін саудалады сұлу қыз,
бұның аты – тірі өлтіру өзіңді.
Безіп кейде арсыз түннің сиқынан,
оянамын отты кешіп ұйқыдан.
Тастанды ұлдың тағдырынан шошимын...
Бұның аты...
Болашағың – бейкүмән.
Маған тұман – ендігі сөз?
Ендігі ән?!
Басқа теңеу таба алмадым мен бұған.
Ойым жетім:
Не болады ел ертең?
Күмән...
Күмән...
Жүрек суып, тоңды қан...
наурыз, 1992 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу