Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  124


Автор: Нұрлан Оразалин

Көңілім бүгін...

Көңілім бүгін менің ғарыштайын,
көгімнен жұлдыз жауды...
Жарысты Айым.
Шарт кетіп, сына жаздап барып-барып,
бір сезім атып шықты барыстайын.
Барыс-мұң, барыс-қайғы, барыс-арман,
бата алған фәни атты кәрі шалдан;
сөз-жебе ағып өтті көкті тіліп
Махамбет, Абайлардан дәріс алған.
Мұң-шанақ кеудедегі қозғалды ерен,
(сәл болса, жүрек түгіл боздар денем).
Дүние болды бүгін бұлқан-талқан...
Рас екен!
«Тәңірім бар»,
«Көз бар» деп ем...
Мамырда, қарашада, ақпанда да
ұйқыда мүлгіп қалың жатқан дала,
Сілкінді Алатауым, Айғайтасым –
шежіре ғасырларым батпан, дана.
Ән десе, өлең десе есі кеткен,
күйінің Пірі –халық!
Иесі – көктем!
Жүректі жарып шықты жалын-сезім
аруақты, махаббатты бесік еткен.
 
Жарыс ой!
Жарыс қайғы!
Жарыс мұңым!
Жырға түс бойымдағы бар ыстығым.
Тәуекел! Атылып қал, барыс-өлең,
арқырап жетер бір күн ғарышқа үнің.
Жырға түс, жүректегі бар ыстығым.
шілде, 1991 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу