Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  249


Автор: Нұрлан Оразалин

НАЛА

Екiншi күй
(немесе Ананың екiншi сыры)
I. Қараша. Қатқақ
Көбi ауылдың күйiп-жанды, ашынды.
Тарады жұрт…
Тарқады ашу, басылды.
Қазақы ауыл пәтуасы болды осы,
бiрте-бiрте ел ұмытты Қасымды.
Аудан алыс… Алаңдадық бiр апта.
Бармады ешкiм тергеуге де сұраққа.
Жалтақтадық. Қара жолға қарадық.
Қырау қонды қабаржытып қыратқа.
Әкең марқұм ұсталғанда күз едi,
оңтүстiкке құстар бетiн түзедi.
Өттi бiр ай… Ұшты-күйлi хабар жоқ,
қараша кеп құйрық-жалды күзедi.
Жауын-шашын… Жол үзiлдi осылай,
күн артынан күндер өттi тосып ай.
Бiрте-бiрте кiсi аяғы сиредi,
Қасым барда келе-тұғын, жосымай…
 
«Бауырымдап» жүретұғын бұрынғы,
баз бiреулер көрмегенсiп бұрылды;
ақ дегенiм қара болып шықты да,
ал «мықтылар?..»
болды нағыз жырынды…
Қайдан ғана айырайын мен бейбақ?!
Сенiппiн ғой жүргендерге «қолдай» қап.
Қыры-сырын кейiн бiлдiм көп iстiң,
көбiне оның баға бердiм ендi ойлап.
Жел сабады майыстырып көк талды,
күте-күте көз, көкiрек көп талды.
Талай мәрте мен ауданға жиналдым,
әжең-дағы бармақшы боп оқталды.
Талай…
Талай…
Көк аспаннан жай ұрды,
пәк сезiмнiң ақ көйлегiн айырды.
«Сабыр, келiн, аман болса келер», – деп,
Едiге қарт жолдан неше қайырды.
Айтты ағайын: «Аудан алыс жер шығар?!»
«Алыс шығар»… – дедi қостап көршi бар.
Айтты Едiге:
«Алыста емес мәселе…
Елмiз ғой бiз…
Ердi iздейтiн ел iшiнен ер шығар.
Қарт та болсам, айтайын мен шынымды,
алжыдыға жорымаңдар мұнымды.
 
Қайсың? Қане! Айтыңдаршы? Ер барда…
Ұлдың дауын iздеп едi тұлымды?!»
Едiге қарт селкiлдеп кеп шүйiлдi,
қыран қабақ қар жауардай түйiлдi.
Еркек бiткен жер шұқыды көзiмен,
ана атаулы «алласына» сиынды.
«Қайсың барсың?» тiлiп өттi көктi үнi.
(Сiрә шалдың түстi есiне от күнi).
Үнсiз тынған топқа қарап салды айқай:
«Сойыңдар, – деп, қорадағы тоқтыны!»
Шынасыл шал көк бәкiсiн қайрады,
қас-қағымда қара тоқты жайрады…
Құдайға атап ас бердi де, сосын қарт,
арба жегiп, тор бестiсiн айдады.
Жел сабады жапырақсыз көк талды.
ауыл тынып, тынып iштен топ қалды.
Бөркiн басып Едiге қарт бел буып,
қара жол мен қара жонды бетке алды.
Әлқисса:
Өттi күндер… Iзiм-ғайым жоғалды.
Қазан ұрды Көкбастау мен көгалды.
Қарашада қабаржытты ұлып ой,
сенiм сынды, үміт, үміт тоналды.
Басып талай мұң мен шердiң «тетiгiн»,
сан жасытып жесiрi мен жетiмiн;
 
бiр жылдай боп созылды-ай кеп таусылмай,
қара жолдан хабар күткен жетi күн.
Өттi күндер… Жауын-шашын боранды,
ұрлап-қашып жүректерден мол әндi;
өттi күндер күдiк, күмән шарпысқан,
Едiге қарт ентiктiрiп оралды.
Қабақ қату…
Өңi сынық оралды,
қаймықтырып қара күз бен боранды.
«Сырқатпын», – деп сылтауратып жолды ауыр,
келген күнi түйе жүнге оранды.
Оранды да жатып алды тiс жармай,
жағын ашса, бiреу сөзiн ұстардай.
– Қасым қалай?
– Аман… Шүкiр… – Сөз қысқа.
Қысқа күнi күздiң қойды қысқармай.
Содан басқа сөз айтпастан жатты үнсiз,
қып-қызыл күн ұясына батты үнсiз.
Келген ел де үнсiз-түнсiз тарасты,
Көздер үнсiз…
Қабақ үнсiз…
Жақ та үнсiз…
Таулар үнсiз…
Ауыл үнсiз бүрiстi.
Қалт-құлт етiп қыс қамына кiрiстi.
Аудан жақтан жүдеп қайтқан естi қарт
ойын жұртқа байқатпауға тырысты.
 
2. Едiге қарт
Қарт Едiге, мәрт Едiге көп көрген,
қилы-қиын замандарды өткерген;
жасқанбастан жағаласқан кезiнде
азулары алты қарыс бектермен.
Би-болыстан, төреден де ықпаған,
қажет жерде жаға жыртқан, бұқпаған,
Едiгенiң елге мәшһүр мiнезi –
тепсе темiр үзетұғын мықты адам.
Момындарға сүйеу едi, сеп едi,
қонақ келсе барын үйiп-төгедi,
ел бiлетiн кең мiнезi – жомарттық,
сараңдарға қадалатын жебе едi.
Дұшпанына – кесiп түсер алдаспан,
қаталдықпен қай кезде де «қандасқан»,
Едiгенiң ел сүйетiн мiнезi –
айтқанында тұратұғын танбастан.
Елiрмейтiн ел алдында қызынып,
жөнсiз жерде «сен» демейтiн бұзылып,
Едiгенiң елге мәлiм мiнезi –
сүйкенбестен отыратын жүзi нық.
Өмiрде оның көрмегенi кемде-кем,
көргенiмен талайларды «жөндеген».
Қара күрке… Боз үйде де болған ол,
бұйырғанын артық-кемсiз теңдеген.
Ән де салған. Домбыра да шертетiн,
бүркiт ұстап, тазыны да ертетiн;
 
жас кезiнде қылаң мiнген, боз мiнген,
ал кейiнгi мiнген аты бөрте-тiн.
Қалың елдi қанжылатып, жұлқылап,
хан жайлауда қамыққанда гүл, құрақ;
«Райымбек!» деп ұран салып, оқ атқан,
он алтыда қол бастаған мылтық ап.
Осы Едiге…
Ел бастаған Едiге,
тартып туған тамырына, тегiне;
қан тамғанда атқа отырған аттандап,
Қарқара мен Шалкөденiң шөбiне.
Кезде сол бiр ел басына күн туған,
кезде сол бiр ер басына сын туған,
от пен оқтың арасынан бораған,
осы Едiге…
Арыстандай ұмтылған.
Арулардың жанарына жас тұнып,
ал аналар маңдайымен тасты ұрып,
боздағанда боздақтарын түгендеп,
осы Едiге…
Белдi буған бас тiгiп.
Осы Едiге…
Ел жiгерiн үкпестен,
Ел намысын қолдан бермей, бүкпестен,
қайрат қылған қырандайын қиялап,
Тәңіртаудың асқарында – тiкте өскен.
Су да кешкен, қар да кешкен, шөп кешкен,
ұлықпен де, бүлiкпен де беттескен.
 
Төңкерiсте «қызыл қыран» атанып,
Кеңес үшiн қанын төккен, кектескен.
Таяқ жеген, таяқты да жегiзген…
Колхоз құрып, түрен салған өгiзбен.
Едiгенiң ел сыйлаған мiнезi –
ерлiк, еңбек – бойындағы егiз дем.
Шалғы ұстаса кiрiсетiн жең түрiп,
дауға түссе, тең сөйлеген, тең тұрып;
«бес патшаның дәмiн татқан» алып қарт
осы өлкенiң «құлағы» едi ең түрiк.
Жас шағында күлдiретiп боз атын,
бәйге десе, көкпар десе қозатын;
осы өлкенiң «бiлегi» едi Едiге
ер мiнездi, елге жайған өз атын.
Орақ мұрын, қыран қабақ, кескiндi,
ашуланса, тау мiнездi көшкiн-дi;
осы өлкенiң «жүрегi» едi Едiге
өсек айтып, даттамаған ешкiмдi.
Сол Едiге «ақты» көрген, «бандыны»,
«мәнсiздi» де, көрген талай «мәндiнi»;
аштық жылы түршiккенi жадында,
өзегiнде – өлгендердiң мәңгi үнi.
Сол Едiге…
Босып шығып қосынан,
пана таппай жауы түгiл досынан,
қалың қазақ қырылғанда…
Осылай
Ет бауыры езiлiп бiр шошыған.
 
Тау, жырадан, кең даладан сұлаған,
талшық таппай iсiп-кеуiп құлаған
қандастарын көрген сәтте…
Осылай
өксiп-өксiп, iш құста боп жылаған.
Сол Едiге…
Нар Едiге…
Көп көрген…
Жазғытұрым жемтiк iздеп көкте өрген,
құзғындарды көрген сәтте…
Осылай
бiр түйiр жас қолқасына кептелген.
Сол Едiге… Көк бүркiттi көп iлген,
құзғындардан қатты шошып, шегiнген.
Көрген кезде сүйектердi қырдағы
дәл осылай ағыл-тегiл егiлген.
Сол Едiге, нар Едiге. Жоқ бүгiн.
Соғыс… Бес жыл… Қанжылатып өттi күн.
Күзеп кеттi жал-құйрығын – үш ұлын
жұтты майдан, көкiрегiнде – көп тығын.
Көп тығыны – көп арманы кешегi,
көк орманы кейде шулап көшедi.
Еске түссе үш құлыны – үш ұлы,
сынап-қайғы көкiрегiн теседi.
Кеттi күндер қаймығуды бiлмейтiн,
өттi күндер қайғыруды мiн дейтiн.
Ендi, мiне, қайран қартың қарайып,
жатыр төрде қауқары жоқ үндейтiн.
 
Үнсiз үйдiң майшам жанған төрiнде,
үнсiз көнiп кеудедегi шер-үнге;
Сол Едiге…
Жатыр тынып, мiз бақпай,
он сан ойдың арпалысып өрiнде.
3. Едiгенiң ойы
Сонда қалай? Қалай сонда болғаны?
Қай сұмырай көзi қиып, жолдады?
Миға қонбас сұмдық iс қой, апыр-ай!
Қасым өскен ұл емес пе қолдағы?!
Жалғыз тұяқ кешегi өткен Арыннан,
қарын шашы өз қолыммен алынған,
бала емес пе көз алдымда өскен ол,
кеше ғана тал бесiкке таңылған?!
Қаз-қалпында… Көз алдымда тұр анық:
бала-Қасым жағалаған жыраны,
жiгiт-Қасым өз еркiмен аттанған
қырық бiрде майданға алғаш сұранып.
Жасын-Қасым жасқанбаған көп iстен,
батыр-Қасым қайта оралған жеңiспен,
асыл-Қасым мақтанышы осы елдiң,
еңбегiмен көтерiлген еңiстен.
Аға-Қасым елдiң қамын ойлаған,
қылыш-көңiл, от жүректi ойлы адам,
әке-Қасым отау тiгiп, жар сүйiп,
ұрпақ сүйiп, шiлдехана тойлаған.
 
Сонда қалай? Қалай сонда болғаны?..
(Қарт қиналып, қамығып ой толғады,
күрсiнгенде көкiрегi – от-жалын,
домбыраға тiл бiткендей қолдағы…)
Пиғыл жоқ-ты бiр сөзiнде жат, бөтен,
болар ұлды қай сұмырай сатты екен?!
Қасым десе Қасым едi – қаршыға,
қандай арам қай тасадан атты екен?!
Қара ниет қандай ғана көп көрдi,
кiнәсi жоқ жалын жанды, тектi ердi?!
Мен сенбеймiн!
Қасымды жау дегенге…
Қандай пасық, қай мiнезiн жек көрдi?!
Әлқисса:
Қартың қанша болса-дағы шыңдалған,
ездi бiлем, көкiрегiн мұңды арман.
Өкiндiрiп өрт жалады өзегiн,
орамалмен сүрттi көзiн дымдалған.
Жөткiрiнiп алды-дағы тым қатты,
кемпiрiне көз тоқтатып, тiл қатты:
– Аудан жақтың аузы жаман, бәйбiше,
тағылып тұр Қасымжанға мiн қатты.
– Қайдағы мiн?
– Суық сөздi айта алман.
– Жүрек сезген… Келген сәтте-ақ байқалған.
 
Иiс байқұс қабағыңды көргеннен,
құлай жаздап, босағада шайқалған…
Байқұс, бала-ай!..
Не жазды екен соғұрлы?!
– Жазығы ма? Бастағаны тобырды.
Осы ауылдан бiреу оны көрсеткен,
Сезем…
Сезем…
Қасымды бақастықтың оғы ұрды.
Қызғаныштың қызыл итi талады,
қан жамылды балтыры мен балағы.
Қасым, сiрә, оралмайды жуықта,
Айдайды алыс…
Абақтыға жабады…
– Не деп тұрсың? Ойбай! Ойбай!..
– Боздама!
Қатқан шердi кеудедегi қозғама! –
Үш құлыны түстi ме әлде есiне,
дауыс салып қараңғыда созды ана.
Созып-созып өксiп-өксiп тиылды:
– Жалған-ай! – деп жаратқанға сиынды.
– Қазан көтер, – дедi шалы Сәнiмге:
– Отты жөнде. Әкел отын, қиыңды.
Шалың қайта домбырасын қолға алды,
терезеден сыртқа қарап толғанды.
– Шақыр, – дедi, – Иiс пенен келiндi.
Амал қанша? Естiртейiк болғанды.
 
***
Айтпақ болып өксiп кеткен жалғызды,
Едiге қарт қиын iске барды iзгi.
Иiс кемпiр, Айша келiн екеуiн
бесiктегi Берiгiмен алғызды.
Пеш жағылды…
Үй жылынды…
Бiрақ та
төртеуi үнсiз. Көңiлдерi – жырақта.
Берiк қана былдырлайды ораулы,
келдi сағат жауап айтар сұраққа.
Естi қартың сөз салмағын жүйелi,
ең әуелi домбыраға сүйедi.
Тартты бiр күй бұрын ешкiм бiлмейтiн,
өмiр жайлы, тiрлiк жайлы киелi.
Батырыңның босап буын, сүйегi,
кәрi жүрек жас қамырдай иедi…
Ел айтатын әлi күнге тамсанып,
мына бiр күй өмiр жайлы киелi,
тартқан сонда Едiгенiң күйi едi…
 
4. Едiгенiң естiрту күйi
Аспан. Дала. Кең дейдi.
Кемдi жұрты емдейдi.
Жаман менен жақсыны
заман өзi жөндейдi,
асыл менен жасықты
ақыл-сана өңдейдi,
батыр менен пасықты
ел таниды, көнбейдi…
Күнгейдегi өрлердiң
қияқ шөбi шөлдейдi,
ел сүйетiн ерлердiң
ошақ оты сөнбейдi…
Аспан. Дала. Кең дейдi,
қоғалы жер көл дейдi,
көл, сулы жер – құйқалы,
көл жағалай ел дейдi,
ел iшiнде бiр атты,
ел тiрегi бел дейдi;
көл төсiнде бiр аққу,
қалқып ұшып көлбейдi,
аққу төгiп зар-мұңын,
сағыныштан шөлдейдi,
ел сыйлаған арлының
асыл сөзi өлмейдi.
Аспан. Дала. Кең дейдi.
Ерiн сүйер ел дейдi.
Даналарын аялап,
ұшырмаған желге ойды,
 
халық мiнсе ашуға
көктемдегi сел дейдi;
болмас онда басуға,
қызыл судай көнбейдi,
төгiп-шашып бар мұңын,
толқын ұрып көлбейдi,
ел сүйетiн арлының
арман-ойы өлмейдi…
Аспан. Дала. Кең едi.
Кеңге жұрты сенедi.
сенген елдiң көңiлi
сарқылмас бiр кен едi,
ел сөзiне кiм-дағы
басылады, көнедi,
көнбесе елi шыңдағы
ақиықтай төнедi.
Сабыр, қалқам, тарар түн,
көк шыбығың өнедi,
сабыр түбi – сары алтын,
сабыр бәрiн жеңедi.
Аспан. Дала. Кең едi.
Кеңге халқы сенедi.
Елге, жерге сенгеннiң
шөбi шүйгiн өнедi,
сенбегеннiң шырағы
жанбай жатып сөнедi,
өзенi мен бұлағы
көлге жетпей семедi.
Арманды жан алдырмас,
арман, үмiт тел едi,
 
мұң-қайғыға шалдырмас,
Сенiм түбi жеңедi.
Аспан. Дала. Кең едi.
Кеңге жүрек сенедi.
Қасым сынды қайсар ұл
бұл қиырда кем едi,
момынына ауылдың
сүйеу едi, сеп едi,
үстiменен ауырдың
жүргендерге жебе едi.
Тар пиғылын пендеңнiң,
түбi адалдық жеңедi,
«жау!» дегенге сенбегiн,
Қасым аман келедi.
Аспан. Дала. Кең едi.
Кеңге көңiл сенедi.
Ұлдар қалып, апыр-ай,
мен кеткенiм жөн едi.
Селкiлдетiп сексенде,
құдай менi шенедi,
өлмес дәрi ексең де,
маған тимес көмегi…
Бәрiне ендi Едiге
мойынсұнып көнедi,
адал ұлдың елiне
келерiне сенедi;
көк орман мен көп көлдi
асарына сенедi,
қилы-қиын өткелдi
басарына сенедi,

қиналса да қайыспай,
жетерiне сенедi,
асулардан майыспай
өтерiне сенедi,
қарашада шалғынның
соларына сенедi,
мамыр туа балғынның
боларына сенедi;
қаңтардағы еменнiң
тоңарына сенедi,
наурыз туа көгеннiң
толарына сенедi,
туған елдiң көгiне
бiр қуаныш келедi,
соған түбi Едiге,
сенiп жатып өледi…
Қызыл сулы далаға
қара өлең шөп өнедi,
сәуле сеуiп санаға
таңда жұлдыз сөнедi,
үмiтi бар өлмейдi,
үмiт, сенiм тел едi,
кебiн киген келмейдi,
кебенек киген келедi,
туған ауыл көгiне
бiр қуаныш енедi,
соған түбi Едiге
сенiп жатып өледi…
Аспан. Дала. Кең едi.
Кеңге Отаны сенедi.
Сенген елдiң әманда
көгередi желегi…
 
Жалғасады жасарып,
жайқалады көл, егiн,
жетiледi жас, арық,
бесiкке ұлды бөлегiн,
үмiтi бар өлмейдi,
көңiл аттай желедi,
кебiн киген келмейдi,
кебенек киген келедi…
Келедi!
Келедi!
Әлқисса:
Мiнезiндей Едiгенiң өр, биiк,
мына күйде сезiм – биiк, шер – биiк!
Домбыраның өне бойын балқытып,
кеттi бiлем аспан да иiп, жер де иiп.
Алпыс екi тамырды күй тербедi,
тербедi де қозғады ойды төрдегi.
Мына күйдiң сарыны ма?.. Сарыны
пендеңдi де оятардай көрдегi.
Әлдилеген…
Әуелеткен…
Тербеткен…
Ауыр едi мына күйде шер неткен?!
Бiр сарын бар
асау,
мұңды,
өзгеше,
бұрын-соңды естiлмеген жер-көктен.
 
Кезiп сарын тау-жыраны, аспанды,
сiлкiдi кеп емен, шырша, жас талды,
Айша келiн атып шықты шыңғырып,
ал ананың жанарынан жас тамды.
Жылады ана… Солқылдап кеп жылады,
көлдеттi де көздiң жасын бұлады;
немересiн бiреу алып кетердей,
ұмтылып кеп тал бесiкке құлады.
Шерлi анаға Сәнiм кемпiр қосылды,
Едiге қарт естiдi үнсiз қос үндi.
Боздауынан қос ананың ораулы
бесiктегi Берiк қатты шошынды.
Дiр еткендей қырдың қара шалғыны,
шерлi дауыс өксiп-өксiп қалғыды.
Iште – бесiк, сыртта – тау мен Ай мұңды,
өлмес күйдiң жүректерде талды үнi.
Шыр еткендей қырдың қара шалғыны,
шерлi дала өксiп-өксiп қалғыды;
суық хабар келген күнгi Берiктiң
тау-жыраның құлағында қалды үнi…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу