Өлеңдер ✍️

  26.03.2022
  113


Автор: Нұрлан Оразалин

Өзекте – өрт…

Өзекте – өрт…
Тiлiмде – зар…
Көзде – мұң…
Өлең iздеп елiктеген кезбе едiм.
Жастау едiм. Жұлынатын жыр қысса,
жетпейтiндей кейде өзiме өз демiм,
желкiлдеген, желiк қуған кезбе едiм.
Көңiл тербеп, кейде қиыр шақырған,
кеудем – жалын,
аласұрып, «ах» ұрған…
Зар-мұңымды бөлiсетiн дос таппай,
алты әлемнiң арқа-жынын шақырған
кездерiм көп Махамбетше ақырған.
Ойын тербеп кең Даланың ар-мұңын,
сөзiн сұрап жарлы менен арлының,
ғасыр жүгiн көтермек боп Абайша,
ұлы ақынға елiктеген бар күнiм,
жүрекке артып жер үстiнiң бар мұңын.
Жағалаумен қалып қоймай от басын,
айтқан ықпай мықтыға сын, тоққа сын;
шындық үшiн шырқыраған сәтiм көп,
болып кейде жалын сезiм, от-Қасым,
қажет жерде айтқан ықпай топқа сын.
 
Кеудесiнде – көк пенен жер, бар сағым,
тұла бойы тұнып тұрған қарсы ағын…
Заманаға Мұқағали тәрiздi
ойын айтып, мұңын айтып баршаның,
сөз арнадым,
қайғы жұттым,
шаршадым…
Аптап…
Ыстық…
Асуларда хал бiттi.
(мiсе тұтып қала алмадым «қалдықты»).
Ұлылардан үйренемiн деп жүрiп,
шабыт-пiрiм түн күзеттi, таң күттi,
талай-талай ұзақ жолда шалдықты.
Бәрi болдым…
Абай болып ауырдым,
Махамбет боп кештiм талай ауыр күн.
Ай астында ендi Нұрлан болып бiр,
мына тамыз,
қараша-күз,
сәуiрдiң,
Сөзiн айтсам жарар едi Дәуiрдiң?!.
тамыз, 1991 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу