Өлеңдер ✍️

  26.03.2022
  106


Автор: Нұрлан Оразалин

СЕЗIНУ

Тұрақтап талай арман қонған, ұшқан,
бұл кеуде шаршаған ба? Тоңды ағыстан…
Қырыққа шыққандардың көзiм жеттi,
жүрегi жүдейдi екен толғаныстан.
Болмайды ойланбасқа, толғанбасқа,
тұйғындай ұшатұғын қомданбасқа...
Көбейiп парыз-қарыз, ұмтыласың,
бағыңды қорғау үшiн қонған басқа.
Ойлардың көшi түнде көкке өредi,
бәрiн де сорлы жүрек өткередi;
қырыққа шыққандарға құдай өзi
қуат пен ыстық жалын, от бередi.
Алғанын төбе көрiп, төрiн-өрдей,
сезiнiп өзiн кейде серiлердей,
жарының жанарына үңiледi,
жас ақын жиырмадағы көрiнердей…
Көңiлiн арбап күнде киелi ұғым,
сұрайды амандығын жиi елiнiң;
тыныштық болса екен деп жер бетiнде,
он беске жаңа толған сүйедi ұлын.
Ұшырып қияндарға ой көктемiн,
жастықтың жанарында той кеткенiн
 
аңғарар қырықтағы әке бейбақ,
сезгенде тұңғышының бойжеткенiн.
Түгендеп жеткенi мен жетпегенiн,
қиюлап қиғаны мен көктегенiн,
жағаға алыс қалған қарайды ұзақ,
үстiнен тiрлiк атты көк кеменiң…
Ұмытып сондай сәтте қала шуын,
алады жырдан өшiн, жан ашуын!
Қырыққа шыққан ақын санасында
құбылып, қарашы, ойдың таласуын.
Зер салып, қара бiр сәт, қарашы, ұлым,
әлемнiң сақтау үшiн жарасымын,
қырыққа шыққандардың Өмiр өзi
сығып алып жатқандай бар асылын.
Жырдан ақын алуда жан ашуын!
қаңтар, 1988 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу