Өлеңдер ✍️

  26.03.2022
  126


Автор: Нұрлан Оразалин

АШЫҚ СӨЗ

Тепкiлесе бойды ыстық барынша қан,
не демейдi ашынып, тарынса адам?!
Жер үстiнде бар-ау деп бiр адалдық,
айттым, досым, iрiкпей бәрiн саған.
Айттым адал сырымды ойдағы алаң,
ұялатқан жүрекке, бойға ғалам;
арсыздар мен аярды еске алдым мен
өз басынан өзгенi ойламаған.
Қажет жерде «қаймыққан», «кесе өтпеген»,
бәрiн алу-берумен есептеген,
түлкi мiнез жандарды еске алдым мен
бiрiн бiрi ғайбаттап, өсектеген.
Көңiлiнiң жасырып ақпан, қарын,
мансап үшiн қаймықпай сатқан бәрiн,
намыссызды ойға алып, ашындым мен
жүрегiмнiң қақпасын қаққанда арым.
Даланы айтып, шiмiрiкпей халықты айтып,
арғы-бергi заманға барып қайтып,
жүргендердi көзiме елестеттiм;
бiрдi-бiрге айдаудан жалықпайтын.
Бiр ортаға бастары сия алмаған,
бiрiн бiрi арбаған, жиi алдаған
 
жәдiгөйдi ойға алып, тiксiндiм мен,
құдайдың да алдында ұялмаған…
Төкпей-шашпай беделiн, текке күшiн,
бiр аспанның бөлiскен оттегiсiн,
пенделердi еске алдым шерменде боп,
жымқыратын қоғамның көктегiсiн.
Жүрегiмдi қысқасын барынша қан,
Айттым мен де… (Айтады тарынса адам!)
Ойларымды ақтардым, арылмақ боп,
айттым бүгiн жасырмай бәрiн саған...
Ойша кезiп айдынын, көлiн көктiң,
жүрек сөзiн жаңа бiр тебiндеттiм…
Сенi қайдам?
Әйтеуiр өзiм бүгiн
айтып-айтып бойымды жеңiлдеттiм…
тамыз, 1988 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу