Өлеңдер ✍️

  26.03.2022
  102


Автор: Нұрлан Оразалин

ТУРА АЙТҚАНДЫ ТУМЫСЫ ТЕРIС ДЕМЕН…


«Адам мен адамның арасы
жер мен көктей»
(Халық мәтелі)
***
Пендемiз ғой… Пендемiз бiз әмәнда.
(Ойнаса да бұлқынып муза қанда).
Адам жайлы айтамыз адал сөздi,
тек ақырғы сапарға ұзағанда.
Тiршiлiкте – биiкпiз, аласамыз,
болмашыға таусылып, таласамыз.
Сөйтiп жүрiп сезбеймiз жаз өткенiн,
келiп тiптi қалғанын қараша-күз.
Құлақ түрiп үлгiрмей көктем-үнге,
қонақ сынды фәни мен көкте күнге,
тарқағанын базардың кеш түсiнiп,
байқамаймыз өмiрдiң өткенiн де.
Тiршiлiкте – аз адам жұртына аңыз,
(бәрiмiз де болуға ұмтыламыз).
Пендемiз ғой, пендемiз… Пенделiктiң,
кейде көнiп кетемiз ырқына бiз.
 
Жүректi өртеп махаббат ұя салар,
өлеңдi өртеп қырандай қия шалар.
Пендемiз ғой…
Барамыз пенделiкке
шын асылды өсекке қия салар.
Пендемiз ғой… Пендемiз бiз әмәнда.
Адал сөздi арнаймыз «ұзағанда».
Айтыңдаршы! Апыр-ай, күн бар ма екен,
пенделiктен құтылар бұ заманда?!
Пендемiз ғой, пендемiз бiз әмәнда…
ақпан, 1989 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу