Өлеңдер ✍️

  25.03.2022
  97


Автор: Абдрахман Асылбек

Шақырылмаған қонақ

Момын Марал бір күні
Шақырып ап Түлкіні,
Былай деді:
– Жақын кел,
Маған ептеп ақыл бер.
Құдіретті, күшті де,
Азулы да, тісті де
Атышулы аңдарды,
Маң-маң басқан паңдарды
Іріктеп ап керегін,
Қонақ қылсам деп едім.
Дайындаған асым бар –
Сойған қойдың басы бар.
Түлкі сонда жымиды:
– Ниет екен шын игі.
Бірақ, бәрін бір күнде
Қонақ қылу мүмкін бе?
Келер болса Арыстан,
Күдеріңді үз Барыстан,
Көрсе болды Аюды,
Қасқыр ойлар таюды.
Сілеусін мен Қарсақтың
Бірлігі де алшақ тым...
Көнер болсаң ақылға,
Бәрін бір кун шақырма.
Алды, артын орап бір,
Жеке-жеке қонақ қыл.
Марал сөзді түсінді,
Амал таппай қысылды:
– Айналайын ақылдым,
Күйі мәлім пақырдың.
Күштілерді «көкелеп»,
Шақыруға жекелеп,
Күнде сояр кой қайда?
Менде ондай той қайда?
«Жетпес бұған шашым», – деп,
Марал күтпей қонағын,
Басын мүжіп, асын жеп,
Түлкі ішті арағын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу