Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  344


Автор: Тортай Сәдуақас

ДАУ-ДАМАЙ

Бастаған жанжал, егеске, Бәленің басы – сөз дейді.
Кінәлі қайсы – жоқ есте, Кімге ауыр тиді – сезбейді.
Айтылған бәрі сөздің де, Ызбары қайтқан көздің де,
Түйіннің бәрі шешілген, Үміттің жолы кесілген...
Отырмыз... таппай тағат та, Қиналып, қажып, қия алмай, –
Жұбаныш таппай заматта, Сүйсіне алмай, сүйе алмай.
 Ұрыс па білген ұятты? Қып-қызыл өртке ол барабар.
Бықсыған шала сияқты, Көңілде шағым, нала бар.
Қойсаңшы керіс дегенді, Төрелік күтпе қалыстан!..
Ағаттық өтсе – тегі енді, – Ғашық жар тату, табысқан...
Күйіп те пістік – күймедік, Керістік – өкпе-наз айтып;
Жосыққа кейбір үйреніп, Кейісті кейбір азайтып...
Кезіміз шығар сыналған, – Шалт басып, қайта жарастық!
Махаббат – бұл да ну орман, – Ағат та басып адастық.
Қона ма, жоқ па құлаққа, Бар шындық осы бірақ та:
Желегін жұлқып құйын әр, – Орман да солай сұйылар...
* * *
Жанарыңмен шығарып сап, қарсы алған,
Көріп жүрген көптің бірі ол-дағы.
Ажарлысы – ажарлы жұрт тамсанған,
Саяқ жүрген біреу бірақ болғаны.
Амал қанша – сұлулықтың соншама
Тағдырыңа болғаны ма кереғар?
Менмен көңіл мейірленген болса да, –
Жан жолдас боп жуымайды неге олар?!
Елден өткен ол бір керім, сөз бар ма,
Ақ бетінде секпіл де жоқ қарай көр! –
Ашық-жарқын қарапайым қыздарға, –
Неге бірақ қызғанышпен қарайды ол?..
* * *
Заулаған жылдар – саулаған бейне жапырақ,
Келмейді олар көгеріп қайта өмірге...
Тірлікте талай шындықты көрдік бақылап,
Шешілмей жатқан жұмбақтар қанша көңілде!
Түтіні ыстық туған үй жаққа арналып,
Шалғайдан қанша шабандап жетті хат-хабар?
 Амандық айтқан екі ауыз сөзге алданып,
Аналар жүрді-ау аңсаумен, өтпей апталар.
Кейісі кетпес қатенің кештеу еске алған,
Орыны бөлек қуаныш пенен өкпенің.
Болса да мезгіл қас қағым сәтке кеш қалған, –
Ғұмырға татыр осы бір сәтте өткенің.
Мәнісін мұның түсінер әркім өздері,
Айналып келмес аяулы сәттер бұл неткен!
Мәңгілік талмас мейірбан ана көздері, –
Телмірген бізге сарғайған ескі суреттен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу