Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  357


Автор: Нұрлан Оразалин

Тарғыл шыңды....

Тарғыл шыңды торғын бұлт тұмшалады,
сөйледi кеп көңiлдiң мұң шанағы.
Қызыл iңiр…
Жон-жота ойға шомып,
жүрек сорлы беймезгiл үн салады.
Қызыл түске малынып бау құшағы,
талып-талып қиялым тауға ұшады.
Көк құрағы шулаған ала жаздай,
сары белдiң сабырсыз ауды шағы.
Жапырақсыз арса-арса тұрған қайың,
қазан ұрып, қабаржып тұрғандайын.
Бiр жынды жел сабалап Тереңкүрдi,
желге төсеп Алатау тұр маңдайын.
Тезге салып күндерiн кешегi өткен,
налып iштей тағдырға есе кеткен
алаңдайды Алматы әлденеге,
жауатындайды қалың мұң, көше, көктен.
Жүрегiмдi бүредi бiр үн менiң,
айдынына қағаздың күбiрледiм.
Сескенетiн тәрiздi ойым неден,
түнге сiңiп, қашады дiрiл, демiм?!.
Жұлқып бойды бiр намыс жырақ қалған,
қол созады Желтоқсан қыраттардан.
Қара суық қағып тұр қақпамды кеп,
не күтерiн кiм бiлсiн бiрақ та алдан?!
қараша, 1987 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу