Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  105


Автор: Нұрлан Оразалин

Әлдекiмдер....

Әлдекiмдер өсектейдi сыртымнан,
тiлгiлейдi жүрегiмдi жыр тұнған.
Желтоқсаннан аман жүрген сүлдем бар,
ойларым бар қанға батып, жыртылған.
Әлдекiмдер таспаға алып сөзiмдi,
талқан етiп үгетiндей төзiмдi.
Сыртым – бүтiн…
Iшiм – түтiн…
Не дейiн?!
Намыс – мылқау көкiректе көз iлдi.
Ербеңдейдi көлеңкедей мына мұң…
Елестетсем, тарс бiтедi құлағым.
Қансыраған жүрегiмде – ащы айқай,
келедi үнсiз өксiп-өксiп жылағым.
Пендедейiн тұрған қабақ-жардағы,
түйрейдi кеп кеуденi бiр ар дағы.
Көз алдымда тұрады ылғи Жаңа Алаң,
желтоқсанның қызыл қаны қардағы.
Алыс-жұлыс…
Айқай-сүрең…
Түнгi ызың…
Алатаудың кезетiндей шың-құзын.
Шарлайтындай ел намысы аспанды
арашалап ала алмаған ұл-қызын…
қыркүйек, 1987 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу