Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  103


Автор: Нұрлан Оразалин

Кешiр, қарғам...

Кешiр, қарғам, тұра алмадық араша,
шаққан сәтте бәрi сенi араша,
Ай астында жалғыз қалып булықтым,
жұртым үшiн намыстанып балаша.
«Терiс» деуге жарай алмай терiстi,
күдiк, үрей көкiректе керiстi.
Ел екенбiз ертегiге алданған,
бiр-ақ күнде қан жалады жер үстi.
Достық қайда?
Арман атты шың қайда?
Неге қолын соза алмайды мұндайда?
Қалың қазақ шыға келдi ұлтшыл боп,
қас-қағымда сенiм атты сынды айна.
Амал қанша?
Бәрiн шыққыр көз көрдi,
берiп қойдық сатқын менен езге өрдi.
Арым үшiн таяқталған налыдым,
бiр-ақ күнде iшiм менiң өзгердi.
Арқалаған аңқау елдiң тiлегiн,
арандалды андаусызда түлегiм.
Көзiм менiң сол қырғында ашылды,
көңiлiмде қырғи болып түледiң.
 
Өзгеше едiң…
Жазылмаған жыр едiң,
кешiр, iнiм, бола алмадық тiрегiң.
Сенiң қайғың жарам болды жазылмас,
соны ойласам, сыздайды үнсiз жүрегiм…
қыркүйек, 1987 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу