Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  99


Автор: Нұрлан Оразалин

СIЛКIНIС

(ақын iнiме)
Аш айқарып көңiлiңнiң түндiгiн,
бұл өмiрде танып жатыр кiмдi кiм?!
Сiлкiн бүгiн!
Ал, әйтпесе, кеш – ертең,
сiлкiнбесең, ұстатпайды Шындығың.
Шындық үшiн шырқыраған аз ба адам,
от оранып, өртенген де маздаған?
Шындық деген, бiле бiлсең, асау ат,
талай мықты омақаса жаздаған.
Тұмшаламай жүректегi жыр үнiн,
Оян!
Қозғал!
Есiңдi жи!
Тұр, iнiм!
«Өмiр – күрес» … Өзектi жан өртенер,
сiлкiнiссiз күнi күн бе тiрiнiң?!
Сiлкiнiсте бiр ғажайып қуат бар,
Жалын…
Нөсер…
Жанға жайлы шуақ бар.
Сiлкiнгендер табар түбi мұратын,
мұраттыны дүйiм елi қуаттар.
 
Түнде – ұйқы, күндiз қалып күлкiден,
ұлы Абай да мұң мен шерiн бүркiген;
Пушкин үшiн «дуэль» болған мына өмiр,
Махамбеттi сүңгiдейiн сiлкiген.
Тiл бiтiрiп кеуiп қалған тандырға,
тоқсанында таң қалдырған Жамбыл да.
Ақан…
Бiржан…
Мұқағали…
Қасымдар…
Төлегендер сiлкiнген
от оранып жаңбырда.
Жанып, маздап тұрғанында шырақтар,
кеудеңдегi жалыныңды бiр ақтар.
Сiлкiн, iнiм, шындығыңды тiзгiнде,
ақтарылсын тұма көзi, бұлақтар!
Өмiр менен тiршiлiктiң шырқа әнiн,
ойын тербе таулар менен қырқаның,
Сiлкiн!
Сiлкiн!..
Адам түгiл, қара Жер де бұлқынып,
әлсiн-әлсiн атқылайды вулканын.
тамыз, 1980 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу