Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  99


Автор: Нұрлан Оразалин

Қайғыңды да....

Қайғыңды да, шаттығыңды бөлiстiм,
ащыңды да, тұшыңды да тең iштiм.
Беу, Тағдырым!
Жүрегiмдi отқа орап,
жеңiлiстiң…
Дәмiн таттым жеңiстiң…
Сен куәсiң:
Бәрiн, бәрiн көрдiм мен,
сан беттестiм қуанышпен, шер, мұңмен.
Ауырлатып жiбердiң бе жолымды,
жалт қаратсам, деп едiм бiр, төрдi Үнмен?!
Ормандарды… Кесiп өтiп аңғарды,
селт еткiзсем, деп едiм бiр Заңғарды;
жұлдыздарға тiл бiтiрсем, деп едiм,
өлеңiммен тербеп сұлу таңдарды.
Кең әлемге жаятұғын жақсы атын,
атақты ақын болу едi мақсатым.
Жыр-Киенi үркiттiм бе байқамай,
Өлең қашты…
Менен,
Менен қашты Ақын?!.
Мұз жастанып, жалын бүркiп, от құшып,
жас кездегi тұнық жырлар кеттi ұшып.
 
Өмiр атты театрдың төрiнен
қаз қаңқылдап, көктем талай төктi шық.
Күндер зулап қанатында өттi айдың,
Озды жылдар. Қабаржытты көп қайғым.
Жел аңсаймын…
Өрт iздеймiн…
Тағдырым!
Қоз астында жатқан қызыл шоқтаймын…
қараша, 1982 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу