Өлеңдер ✍️

  22.03.2022
  102


Автор: Абдрахман Асылбек

Қазан мен құмыра

Құмыра өзінің тегі әлсіз болса да,
Қазанменен достық құрды соншама.
Есеп бар ма достықта? Қазан бұған мәз әлгі,
Ал, Құмыра өзімсінді Қазанды.
Қатар тұрды отта да олар жұптасып;
Таңертеңнен кешке дейін бір болды,
Сәл бөліну – мұң болды.
Дәйім бірге ұстасып,
Бірге жүрді, қысқасы.
Бірде Қазан әлемді аралауға қамдана,
Шақырды ол досын да;
Құмырамыз дәйім оның қасында,
Екеуі кеп отырды бір арбаға.
Жайсыз жолмен достар жүріп келеді,
Өзара олар соқтығыса береді.
Шоқалағың, ой-қырың
Қазаныңа түк емес, Құмыраға – ой, пірім!
Әр теңселіс Құмыраға батады,
Сонда да оның қайтқысы жоқ – шатағы,
Өйткені, бір ләззат балын татады
Қазанменен достығы үшін ол әлгі.
Жол уақытын айта алмаймын біліп дәл,
Естігенім рас мына хабарды:
Аман-есен Қазан үйге оралды,
Құмырадан қалыпты тек сынықтар.
* * *
Ей, оқушым, мысалды оқи көрме асығыс,
Махаббат пен достықта теңдік болу – асыл іс.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу