Өлеңдер ✍️

  22.03.2022
  147


Автор: Абдрахман Асылбек

Көкек мен көгершін

Дауысында Көкектің бір мұң жатты.
«Неге сонша мұңлысың? –
Деп Көгершін жылы ғана үн қатты. –
Әлде ұмытқан бұл жақты
Көктемді аңсап жүрмісің?
Махаббатым бірге кетіп, күн суып,
Дейсің бе, қыс тұр жуық?»
«Не көрмеді пақырың? –
Деді Көкек. – Өзің айтшы әділін:
Биыл көктем біліп бала қадірін,
Ана болдым ақыры;
Бірақ, олар танымады шатылып.
Осы ма еді сорлы ананың тілегі?!
Қарап кейде қызғаныш та етемін:
Үйіріледі үйрекке шүрегейлер үнемі,
Шөжелер де тауықтың қолтығына кіреді,
Ал, мен болсам, жетімдердей жекемін.
Балапаннан көрмедім еш ишара».
«Саған жаным қатты ашиды, бишара!
Менің балам солай етсе, өлер ем,
Мұндай мысал болмағанмен сонша аз,
Бұл жағдайың емес сірә онша мәз,
Ұя салып, қашан бала бөлеп ең?
Көрмедім-ау оныңды;
Ұшушы едің көрсетіп кіл жоныңды».
«Соншалықты уақытты тамаша
Есі бар жан қия ма?
Әрқашан да таласа,
Жұмыртқамды салам басқа ұяға».
«Онда ұлыңнан қайыр күтпе сен аса! –
Деді Кептер ұяла.
* * *
Ата-аналар, бұл мысалдан сабақ ал.
Қаншалықты баға білсең балаңды,
Ол да білер бағаңды;
Сүймесең, не шара бар.
Бөлек өссе балаң балғын кезінде
Тәрбие мен мәпесінде басқаның,
Онда кінә өзіңде,
Қартайғанда одан қайыр тоспағын.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу