Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  184


Автор: Тортай Сәдуақас

СЫЙЛЫ ЕДІҢ ҒОЙ СЕН ЕЛГЕ...

Бәтияның рухына
Сыр мінезді сыйлы едің ғой сен елге,
Жоқ дегенге көңіл шіркін сенер ме?!
Бұл өмірде шын әділдік болса егер,
Бақыт сыйлап, бастар еді сені өрге?!.
Сұм тағдырға кім бар еді бал ашқан?
Көз тиді ме, сөз өтті ме адасқан?
Өкпеге де қимайтұғын өмірде, –
Жан едің ғой әзіл-назы жарасқан.
Рухың шарлап Омбы - Көкше маңайын,
Әз бейнеңді ұмытар ма ағайын?
Ақ ниетің, кең пейілің сияқты, –
Ел жадында сақталар жан сарайың!..
Жоқ еді ғой жалған сөйлер дұшпаның,
Таппадық па көңіліңнің құштарын?..
Амал қанша.., өзің баулып түлеткен, –
Бақытты боп, ұшсын биік құстарың!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу