Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  116


Автор: Тортай Сәдуақас

БУРАБАЙДЫҢ МЫҢ БҰРАЛҒАН АҚҚУЫ

Бурабайдың мың бұралған аққуы,
Жанарыңда жаныңның бар пәктiгi:
Сезiм бе едiң шүпiлдеген кемерде,
Өзiң бе едiң iңкәр жанның шаттығы?!
Бұлқынады, құлпырады гүл мүсiн,
Жүрегiмдi жарып шыққан жырмысың:
Жарқ-жұрқ етiп нұр ойнайды жүзiңде,
Гауһармысың, лағылмысың, дүрмiсiң?!
Көңiлдi арбап алған көптiң iшiнен,
Көкшетаудың көгiлдiр бiр құсы ма ең?
Iңкәр жанның ықыласын ұқ, жаным,
Ерке сылқым қылығыңды түсiнем!
Асықпысың, ғашықпысың мөлдiрге,
Өзiңменен тербеледi көл бiрге;
Шыңырауда сен жаққан бiр шырақ бар,
Сол шырақты, шырайлым-ау, сөндiрме!
Мың бұралып сен айдында билесең,
Тебiренiп мен бiр ғажап күй кешем;
Сырға тұнған сымбат-сының болмаса,
Сұлулықты, сiрә сондай сүймес ем!
Тербеледi теңiз өмiр тынымсыз,
Толқиды жан, деме жаным жүр үнсiз;
Егiз аққу елеңдесер, еркелер,
Бiреуi өмiр сүре алмайды бiрiнсiз!
Бишi қайың сияқты мың бұралған,
Мың бұралған кезiң шiркiн бiр арман;
Сыңар ма едiң сұлулықтың сәнiне,
Шығар ма едiм сырыңды ұғып құмардан?!
Бұлқынады, құлпырады гүл мүсiн,
Жүрегiмдi жарып шыққан жырмысың:
 Жарқ-жұрқ етiп нұр ойнайды жүзiңде,
Гауһармысың, лағылмысың, дүрмiсiң?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу