Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  133


Автор: Тортай Сәдуақас

ТУҒАН ЕЛІМ – ТҰҒЫРЫМ

 Тағдыр бердi осындай Хақ тағалам,
Анам болды – ала жiп аттамаған;
Кеңестiң де, фашистiң лагерiнен, –
Әкем болды сау келiп, бақ қараған!..
Сор болды ғой сұм соғыс біздің елге,
Ізін аңдып, сөз ерді ізгілерге:
Зардабы оның бізге де тигені аз ба,
Өршеленіп өзімше жүздім өрге?!.
Толғау-жырдың жүргенде толғағымен,
Деген жоқпын жол бастап, жорға мiнем;
Толған шығар көңiлiм ақ тiлекпен,
Болған шығар бағымның қолдауы кем.
Көп едi ғой менiң де көздегенiм,
Уақыт шiркiн жасайды өз дегенiн:
Тексіз заман тепсініп, енші бермей,
«Ешкiнi – апа, текенi – жезде» дедiм?!.
Жақсылармен жарасып кеңес құрдым,
Озбырларға опынып егес қылдым:
Тiрiлткенiм болмаса тiрнектеп ой, –
Өлтiргем жоқ әкесiн мен ешкiмнiң?!.
Жетегiне ерем деп нұрлы арманның,
Гүлге арнадым, жан сөзiн күнге арнадым:
Менiң дағы еш болып сан еңбегiм,
Мен де талай олжадан құр қалғанмын.
Елiм маған бергендей еншi бүгiн,
Жыр етемiн жер нуын, жел шуылын:
Жетiп жатыр менiң де жетпегенiм,
Толып жатыр менiң де кемшiлiгiм?!
 Мансапқорға барғам жоқ жарамсақтап,
Сыбағасын бермеді ол маған сақтап:
Жолын кесіп біреудің өтпесем деп, –
Адымымды өзімше алам шақтап!
Шегем мен де шекісіп, батырға айбат,
Шымыр ойдан шығады ақыл-қайрат:
Шындық басқа, «шыбындап» тұрғанмен бас, –
Шыңырауда ар-намыс жатыр қайнап!
Марқайса деп ата жұрт, сүйікті елім,
Маңдайымның келемін құйып терін:
Өз елім деп өзегім өрге жүзген, –
Менің де бар шығатын биіктерім!
Аласартпай бабамның дарқан атын,
Көшке ілестім жүк артып арқама тың:
Елейтұғын елгезек пейіл болса, –
Менің де бар сәттерім марқаятын!
Жетедi ғой тiлекке қаласа адам,
Тапқаным аз дәулет пен тамашадан:
Осы менiң – барым да, байлығым да, –
Жақын-жегжат, жарым мен бала-шағам!
Тұрысым да, тұғырым осы менiң,
Дос-жаранды ес көрiп көсiлемiн:
Солар берген ықылас, ой-ниеттi, –
Ақ қағазға өлең ғып көшiремiн!..
* * *
Туған жер, айналайын алтын бесік,
Ұяңда ұл мен қызың талпынды өсіп;
Түлектер тұғырыңды биіктеткен,
Ғасырдан ғасырларға даңқың көшіп!
Туған жер, тұрады есте дара тұлғаң,
Демедің биік ұшсам қанатымнан:
Үйретіп ізгілікке, өзің едің, –
Жолында жаманаттың ара тұрған.
 Туған жер, ием де сен, кием де сен,
Сүйсініп сыр айтқаным – сүйем десем:
Қасқиып қас дұшпанға тұрар ма едім,
Өзіңдей бір алыпқа сүйенбесем.
Жаныма шуақ төгіп нұрлы аспаның,
Жылғаңнан алып едім жыр бастауын:
Ізгіге дос боламын, езді мінеп,
Сол үшін күресуден тынбас жаным.
Бабамның көзін көрген осы мекен,
Мейрбан менің де адал досым екен:
Ұрпаққа ел дәстүрін мирас еткен,
Өлеңге өрнегіңді қосып өтем.
Ізімен ізгі өмірдің салтын кешіп,
Төсіңнен талай ұрпақ талпынды өсіп:
Сыйлай бер сол ұрпаққа елдік рухын,
Туған жер, айналайын алтын бесік!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу