Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  132


Автор: Нұрлан Оразалин

Мен соғысты....

Мен соғысты көргем жоқ…
Сезем, бiрақ…
Соғыс жәйлi ойлансам, өзен, құрақ
өртенгендей болады көз алдымда,
өрт емгендей болады кезең, қырат.
Қарындасым елестеп бүршiк-ерiн,
өз-өзiмнен шошынам, түршiгемiн.
Суалғандай лезде айна көлдер,
қуарғандай болады жыршы белiм.
Дүниенiң көрiнiп сұрқы надан,
ақындар да ғайып боп жыр құраған;
көз алдыма елестер анам ғарiп…
Жарым…
Қызым…
Елестер шырқыраған…
Қызыл жалын таулардың төсiн қарып,
жылайтындай бар ғалам,
кешiм налып.
Елестейдi әйтеуiр, бiр сұрапыл,
соғыс жәйлi ойлансам, есiмдi алып.
Жанды буар алапат елесi боп,
тыртық көмген әкемнiң денесi боп.
Соғыс…
Соғыс…
Келесiң көз алдыма
ормандар боп ораған көбесiн от.
Мен соғысты көргем жоқ…
Түршiгемiн…
(Соғыстан соң көктеген бүршiк едiм).
Ұлым да оны көрмесiн,
Иә, Тәңiрiм!
Бейбiт-тұмар аспаным, жыршы көгiм,
әр кез аман төбемде
тұршы менiң!
5 қаңтар, 1980 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу