Өлеңдер ✍️

  17.03.2022
  143


Автор: Нұрлан Оразалин

Кешір, әке!

Кешір, әке!
Бөтен бiр кiсiңдеймiн...
Отқа оранып жүредi iшiм кей күн.
Сойқаны көп ойымның сен түсiнбес,
мен де сенi толық шын түсiнбеймiн.
Сөз қайырып шаршадым – бар шындығым.
Өлең iздеп аршылды ой, аршылды мұң.
Тоз-тоз болып шашылды арман шiркiн,
естiлгенмен кейде рас аршынды үнiм.
Таба қылмай жандарға иық керген,
көрiнсем бiр деп едiм биiктерден.
Жүрегiмдi жар-қия жаралады,
жабырқады жан ұлың сүйiп көрген...
Ойдың төрi – от, жалын, құйын кiлең,
өмiр өтiп келедi «қиындымен».
Сөзiн сатқан пендесi көп қалада
жүйкелеттi сананы жиын кiлең.
Пәтер кезiп, жүдедiм... Қиын күнiм...
Жасырмаймын, ашумен жиылды мұң.
Ауыр қала – Алматы... Көрiп келем
адал ғұмыр кешудiң қиындығын.
ақпан, 1974 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу