Өлеңдер ✍️

  17.03.2022
  92


Автор: Нұрлан Оразалин

Алыстан...

Алыстан...
Таудан...
Даладан...
Жұлдызы қалың көк түнде,
көшесi шулы қаладан
жығылып-талып жеттiң бе?
Ұстатпай ұшып кеттiң бе?!..
Ғаламның үнiн иiп кеп,
көзiне жұрттың күйiк боп,
жалт етiп ұшып кеттiң бе,
қауырсын- қанат сүйiп көк,
ғайып-құсындай биiктеп?!.
Ақжауын-арман сiркiреп,
найзағай – тағдыр күркiреп
жатқанда...
Ғарыш үнi боп,
жеттiң бе түнде дүркiреп,
көктем боп жаңа, нұр түлеп...
Көзiнде көктiң жас тұнып,
сезiмге түнде мас қылып,
тағдырым сынды мазасыз
тауға да басты тасқа ұрып,
жеттiң бе жұртты састырып?!
 
Алыстан...
Таудан...
Даладан...
Қол созып асқақ от күнге,
көшесi шулы қаладан,
жұлдызы қалың көк түнде,
Жыр-Құсым!
Аман жеттiң бе?!.
сәуiр, 1973 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу