Өлеңдер ✍️

  17.03.2022
  107


Автор: Нұрлан Оразалин

Сенбейтiн жандар....

Сенбейтiн жандар сұрасын,
куәмiз – жалғыз құла шың;
байғыздың түнгi мекенi,
Көксайдың ауызы – құласын,
куәмiз – жалғыз құла шың.
Жиылып бұлт кенеттен,
жауатын жаңбыр шелектеп;
шалғыны бар-ды сол сайдың
белуарлап кешiп сен өткен,
белуарлап кешiп мен өткен...
Ататын таңы нұрланып,
бататын кешi ұрланып;
бұлақтың үнi сыңғырлап
жататын едi бiр қалып,
шыршасы қалың ырғалып.
Бабамның үнсiз көзiндей,
балдәурен менiң кезiмдей;
алыстап кеттi сол бұлақ
тұп-тұнық мөлдiр көзiңдей,
құла шың – қиял, сезiмдей...
Кеудемде неше талды ән, мұң,
өмiрде неше алдандым?!
 
Куәмiз – ұлы табиғат,
көзiндей мәңгi жалғанның,
үзiлмеу үшiн жалғандым...
Үзiлмеу үшiн жалғандым!..
сәуiр, 1972 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу