Өлеңдер ✍️

  16.03.2022
  240


Автор: Нұрлан Оразалин

Толғақты бiр....

Толғақты бiр күй биледi қырқаны,
саз орады Алматыны шарқ ұрып.
Құстар көкте...
Көктем әнiн шырқады,
Алатаудың иығына артылып.
Тау менен тас ақын болып кеткендей,
көк теректер, ақ қайыңдар бишi боп.
Жауды жаңбыр...
Жауды, жауды көктемгi ой,
домбырасын сабады-ай көп күйшi көк.
Көше шулы...
Қала жатты бусанып,
қыздай болып жар құшағын iздеген.
Ауды көкпен адасқан бiр тұмса бұлт,
сағыныштың отын кешiп жүздi өлең.
Бiрде – жалын,
бiрде, бiрде – мұз денем,
түстi есiме жаздағы арман, күзгi өлең.
Көктем неткен сұлу едi! Таңқалдым!
Үлбiреп тұр...
Гүлдей болып үзбеген.
Сағыныштың отын кешiп, жүздi өлең.
наурыз, 1967 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу