Өлеңдер ✍️

  16.03.2022
  122


Автор: Нұрлан Оразалин

ҮШ НҮКТЕ

Үш нүкте...
Сыр тұнып, наз құлап,
лүпіл ме жүректі соқтырар?
Мас қылған махаббат, жазғы бақ,
қыздардың көзі ме от тұнар?!
Үш нүкте...
Жұп-жұмсақ атып оқ,
сезім боп жүректі бүретін;
бір жан ба белгісіз аты жоқ,
хаттардың ішінде жүретін?!
Үш нүкте...
Көңілдің жұмбағы,
Өмірдің көрінбес тірегі;
Сезім мен сенімнің құндағы,
ғашықтың өртенген жүрегі...
Білмеймін...
Айта алман кесіп мен,
Бәлкім ол – ғажайып ән басы?
Алыстан...
Ғарыштан кешіккен
Адамзат ойының жалғасы?!
Таулардай көз тартар ұшы – қар,
Даладай самалы есетін;
 
Бәлкім ол?
Құдырет күші бар...
Сәуір ме,
Дәуір ме көшетін?!.
Үш нүкте...
Кім айтар?
Кім білер?
Сыр тұнған кез бе екен?
Тамырды Тағдыр боп үңгілер,
Жырым боп түрленер Сөз бе екен?!
25 қараша, 1975 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу