Өлеңдер ✍️

  16.03.2022
  97


Автор: Нұрлан Оразалин

ЖАНЫМДЫ ІЗДЕ ЖЫРДАН...

 Мен адалмын...
Сезінсін ғалам, дала,
өтінемін мен үшін алаңдама!
Білгің келсе, өмірім – өлеңімде,
берейін бір жыр оқып саған жаңа.
Таңды оятып, толқытар кеште мені,
түбі жырмен тағдырым екшеледі.
Жаратылған пендемін, түсінгейсің,
Жырдан өзге білмейтін ештеңені?!
Ден қойшы бір сөзіме тап бүгінгі,
өлеңімнен іздегін ақтығымды.
Қиналған да қайғырған сәтім – жырда,
Жырдан ізде сен менің шаттығымды.
Ізде мені!
Ізде сен күзде қырдан,
желден ізде жұлқынып түздегі ұрған,
Мен адаммын өмірге ессіз ғашық,
білгің келсе, жанымды ізде Жырдан!
10 ақпан, 1972 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу