Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  158


Автор: Нұрлан Оразалин

Жарасқа

Жарасқа
Шалғайда жүрсің білем мен,
кеудеңде – елің аңсаған;
кеудеңде – қырлар гүл өнген,
жұлдызы көкте самсаған.
Бұлт басса көзін бұлар шың,
Батпақты сайы жауынды;
сағынып жүрген шығарсың
алыста қалған ауылды?!
Күндерді тізіп қырдағы,
аспанға қарап құмартып;
көңілді тербеп сыр бағы,
жүрмісің жанға мұң артып?!
Арқалап әскер өмірін,
жарыңа хатты жолдаумен,
кеудеңде тынып не бір үн,
жүрмісің ойды толғаумен?!
Жырлардай туған таудағы
жүректі керіп мұң керім;
жүрмісің Алатаудағы
сағынып жастық түндерін?!
 
Ерлікпен ұлдың жанды аты,
берсін де Тәңір қол ұшын!
Күтуде сені Алматы!
Күтуде ата қонысың!
Бұйырса...
Әлі самғайсың,
бумасын жанды тосын мұң.
Аман бол!
Сәлем алғайсың –
жолдаған жырын досыңның!
07 наурыз, 1968 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу