Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  97


Автор: Нұрлан Оразалин

ЖҰЛДЫЗДАР БIЛЕДI ЖЫЛАЙ ДА...

«Құстар келдi де бiздiң қырдағы,
Жаңбыр жауды да көктем жырлады...»
Тұманбай Молдағалиев
***
Жырла! Жырлай түс! Мұңайма!
Ай асты әнiңмен құлпырсын.
Жұлдыздар бiледi жылай да...
Жанарлар жәудiреп, жыр тұнсын.
Өмiр мен от ойнап көздерде,
өлең боп өртенiп, өт, ойым.
Сәби боп жүгiрген кездерге,
сәбилiк сезiммен жетейiн.
Серiк қып сұлу түн, мұңды әсем,
кеуденi жылытсын нұрлы ағын.
Гитара! Солықта! Жырла сен,
қуаныш, мұңымды ұрлағын.
Тамырды тепкiлеп, арыңды,
бойдағы ыстық қан қозғалсын.
Әуелет! Әнге қос Зарымды,
жүрекке жететiн сөз қалсын.
Жырла! Жырлай түс! Безiлде!
Қайыңдар шуласын тыстағы.
Дүние оранып сезiмге,
қайғысын ұмытсын қыстағы.
наурыз, 1966 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу