Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  102


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕГІС ДАЛАСЫНАН ХАТ

І
Тағдырдың мойын бұрмай желіне ескен,
Туған жерді аралап, көлін кешкен,-
Қара нар шаруаның баласымын
Туғаннан жер қыртысын еміп өскен.
 Өсірген барша гүлін семдірмеген,
Аштықтың қара бұлтын төндірмеген,-
Осы жер емес пе еді
Біздің үйдің
Жарығын сонау кезде сөндірмеген.
Кезінде талай ғасыр таптап та алған,
Таптап та алған,
Отына қақтап та алған,-
Осы жер білсең, достым,
Қай кезде де
Жұтатпай қазақ жұртын сақтап қалған.
Жалғанда жылан көзді жат барында,
Бел шешпеген солдатпын ақпаныңда.
Жерді еміп өскендіктен
Бір күндері
Жатармын жердің терең қатпарында.
Жүрегім: ару анам – жерім дейді,
Жерім дейді,
Ғұмыры жерінбейді.
Қарашы, құдыретін!
Ғаламат, ә...
Денем де қара жерден бөлінбейді.
ІІ
Білгенге жерім – бақыт,
Жерім – көсем,
Еңбек ет те
Ойнап-күл төрінде сен.
Сары алтын сары күзде шаш етектен
Байлыққа кенелесің ерінбесең.
 Ерінбе,
Кетпе жеңіл сезімге еріп,
Табиғат жасандырды төзім беріп.
Жарықтық, еңбек деген айна емес пе,
Еңбекте өседі адам өзін көріп.
Өседі,
Жетіледі,
Ержетеді,
Шұғыла, нұрдың бәрін көрші етеді.
Байлықтың не екенін
Күтсең жерді
Көзіңе әкеп тұрып көрсетеді.
Жер сені жетілтеді,
Жеткереді,
Думанды күндеріңді өткереді.
Теріңді жерге төксең
Жер де аянбай
Асылын қанжығаңа бөктереді.
Қыр көктеп,
Гүлденеді суарғасын,
Тарылта көрме бірақ су арнасын.
Жер деген адамзаттың тұғыры ғой,
Теріңмен суарып тұр –
Қуармасын!
Көгінде қиял құсы шарықтаған,
Жігіт бол өрге жүзіп жалықпаған.
Алапат заман болсын...
Дегенмен де
Жерді еміп өскен жұрттар тарықпаған.
 Төсінен бұлақ ағып арындаған,
Жер өзі тарықпаған,
Тарынбаған.
Адамның маңдай тері табынары
Өзгеге жалынбаған,
Табынбаған.
Жалқаулық, жаным, саған не береді,
Күні ертең о да тозып көнереді.
Жер деген топырақ қой...
Топырақтан
Тіршілік тамыр тартып көгереді.
Ей, достым, сен осыны сезесің бе?
Сезініп қырыңды еркін кезесің бе?
Түрен боп жер қыртысын аударуға
Жаныңды шырқыратып төзесің бе?
Жалқаулық –
Қияметтің қыл көпірі...
Ей, достым, сен осыны сезесің бе?!
Осынау нұрлы өмірде жалындаған,
Көштен, сірә, қалам ба арындаған.
Еңбекпен көзін ашқан шаруамын
Соқаның құлағында дамылдаған.
Жылылық тарап мынау түр-өңімнен,
Сөйлеймін қай кезде де жүрегіммен.
Жер бетінде тарихым жазылуда
Қаса бүркіт соқаның түренімен.
Адамзаттың арынан жаратылған,
Жер шары менің де алып дара тұлғам.
304
Адам ғана апатты болдырмайды
Тағдырына бұл жердің ара тұрған.
Ара тұрып,
Жасаған батыл қадам,
Жандар ғана бақытқа жақындаған.
Ендеше біле ме адам жер қадірін
Күрегін жерге терең батырмаған.
Мен болсам –
Диқан едім күнге өрлеген,
Кеудесін,
Көкірегін жыр кернеген.
Айтшы, өзің?
Жер тани ма жандар, сірә,
Аударып жер қыртысын бір көрмеген.
Шерулі алға тартып өмір көшін,
Шырағын жағып, мейлі сөндірмесін.
Елміз деп өзін әсте атамаған
Бекітіп алмай жерге Ел іргесін.
Танылса –
Ер танылар ерлігімен,
Танылса –
Ел танылар елдігімен.
Жер деген ұлан байтақ д а л а емес пе
Барша әлемді ұстаған кеңдігімен.
Жерді мен сүйем соны білгендіктен –
Мен болып ізгілігін гүлден күткен
Және де шуағың боп күннен күткен,
Жерді сен сүйеді екен деп ойлама
 Жер басып жер бетінде жүргендіктен.
Жерді мен сүйем соны білгендіктен.
ІІІ
Туған жердің тасын да жанышпаған,
Айналдым жігеріңнен, намысты адам.
Аналар біздің жақта қару емес
Қос қолымен жоғары нан ұстаған.
Нан ұстаған –
Ел күні батпасын деп,
Ұрпағым үмітімді ақтасын деп.
Сондықтан егін егіп,
Шөп шабамын
Бусанып далам бекер жатпасын деп.
Бойымнан бұл жастықтың желі кетпей,
Елімнің жүрдім қашан төріне өтпей.
Даламда көкпар тартып,
Қызық көрем
Және де отыра алман егін екпей.
Адаммын,
Қаһарманмын,
Жұмыскермін,
Төбесіне ту тіккен ырысты өрдің.
Даламды маңдай термен жасартамын,
Келмейді кең төсінде ұрыс көргім.
Төсінде көктем-құсы көп түлеген,
Төсінде заңғар шыңы көк тіреген.
Жазған-ай,
Жер – ананы кей перзенті
Кезінде талай мәрте тепкілеген.
306
Талайды бұл өмірге күле келген,
Сұм тағдыр таптап, жаншып жүре берген.
Семдірмей сонда осы жер тұрды емес пе
Гүлдерді қар астынан түрегелген.
Болмайды уақыттан қалуға әлі,
Шырқалып келе жатқан ару-әні.
Атыңнан айналайын, шаруа жер,
Бәрінен көреді артық шаруаны.
Дүрсілдеп диқан ата жүрегінде,
Жарқылдап алтын сапты күрегінде.
Сөйлеп жатыр қаншама миллиардтар
Қаса бүркіт соқаның түренінде.
Әкеңнің бар байлығын жайғастырып,
Төріңде сен отырсың малдас құрып,-
Ақ бидай –
Ауыр состав жатқанда ағып
Арманын алғы күнге жалғастырып.
Аспанды тік көтеріп төбесімен,
Көрініп жаңа күннің белесінен,-
Қаншама жалын-жастар айдында жүр
Комбайын дейтін сұңқар кемесімен.
Жерді сен,
Сен де, достым, құрметтегін,
Өмірге босқа келіп,
Құр кетпегін.
Ай мүсін маңдайыңнан тер тамшылап,
Көктемнің көгіменен бір көктегін.
Осылай жерді, достым, құрметтегін.
 Ақша бұлт шудаланған желкесінде,
Құдіреттің барлығы жер төсінде.
Бір шыбық қадай салшы
Қанат жайып
Шынар боп тұрады өсіп ертесінде.
Жерден ғана аласың аларыңды,
Нұрға,
Жырға толтырып жанарыңды.
Жалғыз дән тастай салшы
Ертең сенің
Толтырып береді үлкен қанарыңды.
Жетелеп кім-кімді де кешеулеген,
Осылай ен дәулет боп көшеді өлең.
Жер беті неге баққа айналмасын
Көгімде көк аспан тұр нөсерлеген.
Дүние, жер шарының кемістігін,
Білдірмей тұрған жоқ па жеңісті Күн.
Төсінде орман егін өспесе егер,
Қызығы болмас та еді жер үстінің.
Дүбірге кеттім тағы араласып,
Тағдырмен бетпе-бет кеп жағаласып.
Даламның төсіндегі егін-мұхит
Күн сайын кемерінен барады асып.
Кеудемді толтырып ап таң нұрына,
Кім-кімнің ара түстім тағдырына.
Жалғадым тамырымды көгерсін деп,
Қураған өсімдіктің тамырына.
 Жанымнан жалғандықтың көші кетіп,
Даланы алғам мен де бесік етіп.
Табадан шыққан нанмын!
Кеткен бар ма
Ақ нанның алдын жөнсіз кесіп өтіп.
Көкорай, көк шалғынды баққа жетіп,
Елімнің ерлік ісін мақтан етіп,-
Жайылған дастарқанмын!
Кеткен бар ма
Үстінен дастарқанды таптап өтіп.
Солай, дос!
Қызығымды дала көрді,
Дала көрді,
Ел дейтін Ана көрді...
Мен – Дәуір,
Мен – Болашақ!
Сондықтан да
Қопарып жыртып өтем қара жерді.
Алдымнан бақыт болып тұрсаң күтіп,
Мен неге жығылайын мұршам бітіп.
Жайқалып өскен жасыл көк егінді
Орып келе жатырмын нұр шаңғытып.
Қойдық па табиғаттың бермесіне,
Ал онда төгілді, айтшы, тер несіне?!
Ақ бидай қойылады өзім орған
Алдағы ұлы тойдың көрмесіне




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу