14.03.2022
  104


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚҰДІРЕТ

1. АЛАТАУДЫ ЖЫРЛАЙМЫН
Ей, Алатау!
Мұнша әсем болармысың,
Құзыр болған құзыңа қонар құсым.
Дүниенің бар көзін жаулап алып,
Ата ерліктің көрсетші жоралғысын.
Көк те сенен сескеніп қашқақтаған,
Өр мінезді ең
Айбарлы асқақтаған.
Бір қарамай өзіңнің келбетіңе
Кісінің жүрегіне ас батпаған.
Ақ күміс қар жарқырап самайыңда,
Асқақ қарап тұрмысың сан айдынға.
Шыңдарыңды айналып ұшқан құстай
Қасиеттер қаптап жүр маңайыңда.
Жырсың алып,
Сомдалған жырсың алып,
Жан-жағыңа қалыпты нұр сыланып.
Өрен туған ерлердің тұлғасы боп,
Қашалуға шыңдарың тұр сұранып.
Кімдер шықсын алдыңа таласа кеп,
Сені көріп қуанам балаша көп.
Кім екенін
өзінің тұрғаны айтып,
Айтса өзіңді біреулер аласа деп.
 Сен тұрғанда Алатау еңсем биік,
“Асылымды, - деп келем, - берсем жиып”.
Кең даланың сен де бір ақсақалы
Шыға келген басына сеңсең киіп.
***
Самал да еспей бұл кезде қарысты күн,
Жалқын тілді аптаппен табысты құм...
Аспан асты әдейі жиып апты
Дүниенің бар жалын,
Бар ыстығын.
Жаратқасын табиғат иықты етіп,
Тауға көл де орнатқан биіктетіп.
Дүниенің бар жауын, нөсері де
Тұрады ылғи осында құйып кетіп.
Ғұмыр бойы сарғайып сағыныштан,
Арман ба бұл аспанмен шағылысқан.
Тау төсіне осы көл орнап қапты,
Қалған көктем секілді кәрі қыстан.
Қуаныштың желіндей жеткен есіп,
Шырағы көп,
Жатпайды шеттен өшіп.
Сонан, сірә, болар-ау
Бұл Алматы
Жан-жағына жайылып кеткен өсіп.
Жарқ-жұрқ етіп жанардың ұшқынымен,
Сөйлеп және жатады құс тілімен.
Алатауға барғандар,
Барады осы
Лапылдаған жүректің ыстығымен.
 Күн де мынау барады қатты күйіп,
Құз емшегі кеткендей ақтық иіп,-
Тау басына орнаған
Көлге осынау
Жан-жағынан қар еріп жатты құйып.
Жарқылдаған көзінде шырақ толып,
Бақыт құсы жүрмепті жырақ қонып.
Сонан ба екен
Бұл таудың кетсе керек
Тұла бойы тепсінген бұлақ болып...
Хабар айтып апаттың нелерінен,
Өте шықты желпініп жел өрінен.
Көлге осынау барлығы құйған кезде
Бара жатты су да асып кемерінен.
Ірге теуіп қасиет тұрақтаған,
Мекен-жай бұл өмірдің нұры аттаған.
Көл кемері бұзылса...
Кетер еді-ау,
Қаншама адам тау төсін шуақтаған.
Қайғы жетер жармасып желегіне,
Қайдағыны еске алып керегі не?
Жуытпаймын ажалды
Адам түгіл
Туған жердің көк өрім терегіне.
Мың айналдым аяулы Алматымнан,
Саған ұқсап тұрса екен таңда тұлғам.
Жарылыстан жаралған жойқын көлге
Қос шыңды атып
Тау бөгет орнатылған.
 Мейлі мені ер десін,
Ездеу десін,
Тіршіліктің мұрат па көздеу төсін.
Табиғаттың топан су ойранына
Табиғаттың тосамын өз кеудесін.
Гүлмен,
Жырмен көмкеріп байтақ қырды,
Айналасын Алатау байқап тұрды.
Төсіндегі айдын көл жарқырайды,
Жаралғандай тербетіп шайқап нұрды.
Мұны көрген кісінің есі кетер,
Сұлулығы ұшан ғой несіп етер.
Бөктерінде Медеу тұр асқақ қарап,
Талай саңлақ жүйріктер есіп өтер.
Көрген кісі өрнегін нұр балаған,
Қандай шебер тастардан жыр қалаған.
Көрінеді төменнен қарасаңыз
Сияқты боп аспаннан сырғанаған.
Жараспай ма серіге,
Салға бәрі,
Ата ерлікті әкеткен жалғап әні.
Төреші боп әлемдік жарыстарға
Медеу сонан келеді самғап әлі...
Жата берсін қашанғы дөңгеленіп,
Кете алмады жылқыдай желдеп өріп.
Айналасын тау қоршап жібермейді
Ақпақ еді арқасын кеңге беріп.
 Өркеш-өркеш шыңдардың арасында,
Тұрғандай-ау осы көл дара сында.
Кемерінен асуға сәл-ақ қапты
Шайқатылған шараптай шарасында.
Айдынымен аймалап нұр ұстаған,
Бойын көл тұр
Жаза алмай құрыстаған.
Назар салшы бұл күні
Қаншама адам
Тау төсінде дамылдап тыныстаған.
Құздың қары еруде –
Сызы кетіп,
Айдын көлдің толқынын жүзік етіп.
Тасуда әлі құрғыр көл
Бөгесінді
Кетер ме екен, япыр-ай, бұзып өтіп.
2. ТАСҚЫН-СЕЛМЕН БЕТПЕ-БЕТ
Көрсең шіркін кезімді алабұртқан,
Тауларымды шайқаймын қарауытқан.
Өйткені мен өзіме алсам керек
Жойқын-жойқын жасынды қара бұлттан.
Жарқылдаған жанарды оқыс бұрам,
Тауыңды әкеп тауыңа соғыстырам.
Бір шеттегі мұхитты
Қиырдағы
Бір мұхитқа құямын, тоғыстырам.
 Көк пен жердің арасын жалғастырам,
Аспанға атып бәрін де алға астырам.
Қажет көрсең
Көзіңмен көргін бірақ
Күн мен Айды табанда алмастырам.
Мен боп, әне, көгіңе жалғасты ұран.
Сууды әсте білмейді қызғын денем,
Мен адаммын,
Биікпін құз күндеген.
Дүниенің тажалы
Соғысты да
Менің қолым емес пе тізгіндеген.
Дүлейіңді мен әлі көп көремін,
Жасыдың ба?
Жасын боп от беремін.
Жойқын, тасқын!
Қай кезде кетіп еді,
Жойқыныңнан жұлынып көк терегім.
Ала қойған жоқ әлі еркімді аспан,
Сәулет болдым ғаламат көркіңді ашқан.
Дүниенің қызуы көтерілсе,
Мына мен ғой
Оның да өртін басқан.
Жайшылықта мергенмін құс аулаған,
Өмірімнің алайда түсі аумаған.
Мен тұрғанда
Өзіңдей асауларды
Кім еді деп ойлайсың тұсаулаған.
 Қилы-қилы қаралы қасіретпен,
Сезе білсең қаншама ғасыр өткен.
Жиырмасыншы ғасырдың жүрегіне
Сіңіп кеттім керемет қасиетпен.
Жалғанда жан емес ем тірі егілген,
Думан құрып,
Сәнді өмір сүре білгем.
Қасиеті бұл жердің болмас еді,
Мен болмасам
Өмірге күле кірген.
Албырт мінез кеткем жоқ жастан өтіп,
Айға бардым кеп-кеше аспан өтіп.
Мен – Юрий Гагарин
Туысымын
Кеткен мәңгі өмірін дастан етіп.
Дүниеде бітпейді бір арманым,
Қыран жүрек күндемес қыран бағын.
Ақиқаттың жолымен түзу жүріп,
Ту етемін елімнің ұрандарын.
Асқақ рухы тірі өліп,
Көрге бұққан
Жан емеспін жалғанда желден ыққан.
Жиырмасыншы ғасырдың перзентімін
Өрлік пенен Ерлікті елден ұққан.
Мен тұрғанда деме сен көк құлайды,
Төге салып төбеңе отты, ылайды.
Құдіретім жетпесе
Еріккенде
Жасап ала қояр ма ем жоқ құдайды.
 Шаттығы бұл әрине келбетімнің,
Өзім ғана толтырам кем-кетігін.
Қыран ғасыр мен болып самғауда, әне,
Бар арманын арқалап жер бетінің.
Шапқан сайын көсіліп қарқындағам,
Қарқындағам және де алқынбағам.
Өзіме аян Қаһарман екендігім
Қасиетті жолдардан тартынбаған.
Көкірегін күн сайын күй кернеген,
Зергермін ғой –
Жерім жоқ сый көрмеген.
Ізгі әмірім келеді түгел жүріп,
Өңір бар ма
Мен әлі игермеген.
Қия құздан,
Тар жолдан жебеп өткен
Баба рухым қолдауда ерен еткен.
Жойқын тасқын!
Кеттің-ау аласұрып,
Адамнан өткен сонша керемет пе ең?!
Кете алмайсың тажалдай таптап өтіп,
Жығыласың сен әлі баққа жетіп.
Алатаудың құзынан ақтарылсаң
Көкірегімді тосамын қақпақ етіп.
Тұғыр емен жалтақтап мешеулеген,
Зұлым жолын тұлпармын кесе өрлеген.
Көкірегім көк сауыт
Өткізбеген
Бұршақ түгіл оғыңды нөсерлеген.
 Таңнан тұрып жаңғыртып жар саламын,
Қызыл гүлмен өрілген барша алаңым.
Суға салсаң батпаймын,
Бұйра жалды
Толқыныңа толқын боп қарсы ағамын.
Тентек бала сықылды тұра қашып,
Кетем десең өзің біл жырақ асып.
Шөл далаға күні ертең
Жосылтармын
Жарма қақпа жартастан бұлақ ашып.
Күшке айналып жерімнің бел, төсінде
Жігіт-жүрек зұлматпен белдесуде...
Мен өлмеймін ешқашан
Арман-ойым
Нар халқымның көктеп тұр кеудесінде.
3. ТОПАН-СЕЛ ТІЛІМЕН
Жалғыз тәңір мына мен осы маңда,
Содан, бәлкім, боларсың шошыған да.
Алматыңды қалар ма ең қорғап, айтшы,
Қанды суым қан тартып жосығанда.
Зұлмат едім
Жетермін ел шетіне,
Алақ-жұлақ қараумен келбетіңе.
Дария боп несіне жаралғанмын
Қаптап еркін жатпасам жер бетіне.
Сенде мәңгі өмірдің бақтары бар,
Дос шаттанып төсіңде,
 Жат тарылар.
Шарасында тасыған дариямын
Заңғар ала таулардан ақтарылар.
Көз алдымда жөңкіліп аспан көшкен,
Мұның бәрі жайлар деп бастан кешкен.
Аласапыран ғасырдың дауылындай
Көңіл күйім менің де астан-кестен.
Қиып түспеу, әрине, жараққа сын,
Қабатына бірге алып қанаттасын.
Тудырыпты табиғат
Апатты да
Адам ғылып өзіңді жаратқасын.
Құлашыңды менімен жарыстырып,
Жарыстырып,
Жағымды қарыстырып,-
Құдіретің қайсы, Адам?!
Апаттарға
Төтеп бере алмасаң қарсы тұрып.
Келісті өңір –
Көкжиек,
Кеңістігің,
Қызғанады өзіңнен жеңісті кім?
О, адам!
Құдіретсің!
Сен келесің
Қорғап әлі бақытын жер үстінің.
Бақша-бауға балауса арнап барып,
Арынымды баспадым арна ақтарып.
Қандай бақыт!
 Бұрқырап тулап аққан
Тарау-тарау жолдардай тармақталып.
Жақпар-жақпар тастарды ала қашып,
Ақтарылсам кемерден далаға асып.
Өміріңді қорғайсың
Мың бұралған
Толқынымның жалында жағаласып.
Білем!
Білем!
Алармын жазамды анық,
Бара жатыр өңім де бозаңданып.
Көк желкеңнен төнген бір қатер күштей
Жалған емес тұрғаным мазаңды алып.
Жүргесін бе зұлматтың санатында,
Қара құстың ажал бар қанатында...
Арна ақтармай қашанғы жата берем,
Қатпар-қатпар құздардың қабатында.
Айдын-аумақ кеңейтіп шеңберімді,
Адам, саған салмақпын шеңгелімді.
Тау басынан көрейін ақтарылып,
Мойындарсың сол сәтте жеңгенімді.
Талай арна жоғалып жерге сіңді,
Білгесін өзіне ырық бермесіңді.
Мен де сондай құмармын бүлдіруге,
Адам, сені, білсем де жеңбесімді.
Содан маған әрине кектерің көп,
Жете алмадым өйткені көктемің боп.
 Дүниенің барлығын қайта жасап,
Сенің ылғи тұрады көктегің кеп.
Дүниенің толтырып олқы басын,
Жүйткіп жүріп сен ылғи жолды ұтасың.
Замананың аймалап желі еседі
Неге менің айдыным толқымасын.
Күн кемірген сауыттай тозбағасын,
Өмір берер ертеңгі өз бағасын.
Айналамның барлығы толған ағыс
Неге бұлар қанымды қозғамасын.
Бұл өмірге жамандық тілей келіп,
Кеттім бе әлде кім білсін үрейге еріп.
Ел ішінен шыққан бір тентек сынды
Дүлейленіп барам ба, дүлейленіп.
Шығып алып осылай тау басына,
Салмақпын ба талайды жамбасыма.
Тасып барам көрдің бе,
Асып барам...
Міндім білем қаһардың арбасына.
Аунап түсіп тау, құздар төбесімен,
Қара жер де сөгілсін көбесінен.
Бірақ,
Бірақ Дүние кетер емес
Қара ұлтандай қақырап шегесінен.
Түк шығара алмаған жазған болдым,
Өмір менен өлімнің егесінен.
Неге ендеше апат боп аталамын,
Бұратылып келмейді қаталағым.
 Атасынан алапат алпауыттың
Туғанмын деп қалайша бата аламын.
Арнама сап арманым көсіле шап,
Болмаса олай,
Боламын несіне шат.
Мен де бүгін өмірде апат барын
Кеттім білем әдейі есіңе сап.
Тыңда мені
Сонан да түрегеліп,
Бұл өмірді жайнаттың күле келіп.
Бірақ сен де тым жаман үйренбеші,
Кеңге салып арқаны жүре беріп.
Толқын күші топырлап қақпа опырған,
Арнамды енді гүлді өңір баққа бұрам.
Қотарылған аспанның мұхитындай
Қазанынан таулардың ақтарылам.
Ақтарылам айдыным,
Аумағыммен,
Қасқайып тұр тау-тасың
Бау-бағыңмен.
Атқылаған вулканның көзін жауып,
Тұра аласың ба ей, Адам, табаныңмен.
Адамсың ғой дүлеймен егесің көп,
Ақтарылам көр енді бөгесін боп.
Сұрайсың ба көктегі қара бұлттан
Нөсеріңді неге сен төгесің деп.
Ақтарылам,
Себебін сұрамағын,
 Бір орнында толықсып тұра ма ағын.
Бөгеп көргін ей, Адам, мықты болсаң,
Омырауыммен соғамын,
Құламағын!
4. ҚҰДІРЕТІ КҮШТІ АДАММЫН
Қырым-қырдан қан тартып қабылдаған,
Күн туғалы тұр ма әлде дабылдаған.
Сақтан десе көнбейді
Сан мың адам
Тау төсінде шуақтап, дамылдаған.
Осында жүр аршын төс нар ағайлар,
Қарсы дауыл шақырған қарағайлар.
Жас сәбилер тұлымы желбіреген –
Тау төсінде жарысқан бала қайнар.
Ұйықтаған кеудесін түнде керіп,
Нұрлы өрнегін ұсынған кімге де өріп.
Жігіттер де есеп жоқ тыныстаған
Күрең қызыл арқасын күнге беріп.
Жігіт біткен маңғаз-ау барында асқар,
Осында жүр қаншама жалын-жастар.
Қайда барсаң махаббат өртіменен
Қаптап өрген қара көз қарындастар.
Қар жамылған бұл тауға,
Мұз бөктерген,
Қарттар қанша жастығын іздеп келген.
Студенттер қаншама
 Осындағы
Қатар ұшқан тырнадай тізбектелген.
Бүгін сонша ересен желікті кім?
Неге сонша сазарды көрікті күн.
Тауда неге күн ұзақ жүріп алды
Алматының көбісі келіп бүгін.
Сөздер қалып жайына сақтандырған,
Елемеді қатерді жатқан, тұрған.
Заңғар күннің зауалды шағы ма бұл
Алатауға алапат қақпан құрған.
Арна ашты ма бұл таудың құзы барып,
Жайпап өтті майсаны мұзы қарып.
Жосыды, әне, алапат топан сулар
Жолдағыны қиратып,
Бұзып-жарып.
Таң да бүгін, әрине, шошып атты,
Қайғысына қасірет қосып апты.
Қара жалды топанның
Жайынындай
Таудай-таудай жартастар жосып ақты.
Жосып ақты
Алыпты арқаланып,
Қайың,
Емен көкке ұшты жаңқаланып.
Қас қаққанша болған жоқ
Сылынғандай
Шыға келді көк жондар қаңқаланып.
 Таулар басын тұр, әне, шайқап өктем,
Бір-ақ шығып жүрмесін байқа көктен.
Атасы да апаттың бұндай болмас
Дүниені төңкеріп,
Жайпап өткен.
Жұмыр арқан секілді жон керіліп,
Аспан жерге түскендей төңкеріліп.
Тар арнадан атылған көк жойқынға,
Бүкіл дүние кеткендей өңгеріліп,
Қара жалды толқынға көмкеріліп.
Жосуда әлі
Көк жойқын құмарланып,
Арнасында тау-тастар жұмарланып.
Қарасаңыз
Аспанды бұлттар торлап,
Көрінеді Алатау мұнарланып.
Қайран Адам нұр ішкен,
Тұнық ішкен,
Қарсы тұрды топанға ұлы күшпен.
Аласұрған арнасын бұра қойды,
Енді мәңгі ақсын деп тынып іштен.
Ер еңбекте шыңдалған жастан қатып,
Құтылған ба Адамнан қашқан бақыт.
Жалғай салды арналы аралығын
Жарылыспен қос шыңды аспанға атып.
Көңілдің де,
Көктемнің сызы кетіп,
Жасауда елім әр тойын қызық етіп.
 Таудан соққан бөгетті кете алмады
Қара жалды топан да бұзып-өтіп.
Дүрсілдеген өмір боп өлкесінде
Тұрады әлі,
Тұрады өр төсінде.
Адам деген құдірет күші емес пе,
Ойран-топыр апатты жеңгесін де.
Алдаспандар жарқылдап желке етінде,
Сан замана ауысқан келбетінде,-
Бітер еді-ау дүние ойрандалып,
Болмаса егер бұл АДАМ жер бетінде.
Шуағына шомылып күн киенің
Болмаса Ол басымды кімге иемін.
Табанынан таусылып өтпей ме, АДАМ,
Тозбауы үшін бау-бағы Дүниенің.
Әділетті қашанда жақтауы шын,
Өту үшін естімей жат дауысын.
Дүниені алдымен қорғайды, АДАМ,
Өзін мәңгі апаттан сақтау үшін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу