Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  293


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӘҢГІМЕ ҮСТІНДЕ ТУҒАН ӨЛЕҢ

Сөз тыңда көсемсіген бұл кім демей,
Болсаң болған шығарсың тұл күнде өгей.
Жетісу – орманды өлке,
Неге ендеше,
Әнші құстар болмасын бұлбұл көмей.
Ақша бұлтпен күмбезін мамықтаған,
Күнге қарап бағытын анықтаған.
Жетісу – таулы өлке ғой,
Таулы өлкеде
Қыран неге болмасын шарықтаған.
Жүрме таудың, даланың қай құмында,
Қасиет кеп қанатын жайды мұнда.
Жетісуға мылтық ап келе көрме...
Аққу неге болмасын айдынында.
 Құзар шыңы бұлттардың төсін емген,
Ғасырлардың ғаламат көшіне ерген,-
Жетісу – балалы өлке,
Ұран болған
Ұрпақты әулет қашанда өсіп-өнген.
Кемпірқосақ –
Жібектен көк аспалы,
Ұстанып шығуда елдің белге асқаны.
Жетісу – далалы өлке,
Сондықтан да
Заңғар неге болмасын неге аспаны.
Жақсылықпен күні жоқ көріспеген
Өлке ғой бұл жалғанмен келіспеген.
Қасиетті нәрсенің барлығы да
Жетісуға тұрақтап, өрістеген.
Көз алдыңда мен сенің бұлаңдап көп,
Тұрдым білем осылай ұрандап кеп.
Қаншама ол болғанмен періште өлке
Төсінде оның
Айта алман жылан жоқ деп.
Зұлым көздер бар әлі оққа сенер,
Дейтін ертең ел жаққан от та сөнер.
...Қыран көзді қырағы бола алмас ед
Улы тістер төсінде жортпаса егер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу