Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  132


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚОҒАМ ҚАЛАЙ АЙЫҚСЫН СЫРҚАТЫНАН


Үлестірген алалап дәріні елге,
Сырқатты емдер ол шіркін дәрігер ме?
Отқа жанбай бықсыса киіз құсап,
Жұртты неге салмасын әбігерге?
Беті күлген қытайдай жымың қағып,
Тұрады да мән-жайдың ығын бағып.
Алда-жалда сыбаға ұсынылса,
Кетеді ылғи аузыңнан жырып алып.
 Көпір етіп талайды өскен еді,
Жағынғанды көңілі хош көреді.
Оны егерде шақырсаң,
Бірге онымен
Өсек артып ырғалған көш келеді.
Жиып-терген өсегін үлестірген,
Ол сойқанның қайдан да үні естілген.
Дәрігер боп, ағайын, жарыта ма,
Қатын өсек артына мінгестірген.
Жаудан бетер жақының жауыққанда,
Оқ өтеді кеудеңнен – сауыттан да.
Жүрегімді мен жаздым жырмен емдеп,
Өсек тасып сол неме ауыртқанда.
Ызғар ессе тұлғасы,
Тұрпатынан,
Билік айтсын ол қандай тұлға атынан?
Сау адамды дәрігер жүрсе ауыртып,
Қоғам қалай айықсын сырқатынан?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу