Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  145


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӨТЕМІН ОТЫН ӨШІРМЕЙ

Мінгендей ерттеп заманды,
Айқайға басып таң атпай, –
Халыққа керек адамды,
Не шара, жүрсең жаратпай?
 Жарытпас бай боп қатынға,
Кембағал соқыр бұл күнде.
Кетемін туыс, жақынға
Сырласа білер жыр-тілде.
Жақсыдан қалған сөз деп те,
Жамандыққа мені қимайды.
Жақсыдан қалған көз деп те,
Сыйламаса да сыйлайды.
Жоғалтып алған бір күнде,
Үйіріліп тұрған асықтай, –
Өзімді тапсын күлкім де
Көңілімді құр жасытпай.
Ысқырып жақын жолатпай,
Алыстау ұстап анамнан, –
Үйімді бөліп,
Оқ атпай
Айырмақсың енді баламнан.
Айырмай мені даламнан,
Бөле алмайсың баламнан.
Келінім, ұлым, немерем
Жаман ба тұрса қолымда.
Бір қызық көрмей неге өлем,
Ат жалы, түйе қомында.
Жалғыз ем мен де кіндіктен,
Ұлым да – жалғыз биігім.
Ұлымнан өзге кім күткен,
Тартқанда азап күйігін.
 Қатындар байын жалмаған,
Көрсетсін опа кімдерге?
Тоқым боп қайда қалмаған
Топырақ шашып күллі ерге.
Соларға еріп алжаспа,
Айтаққа үрген қаншықтай.
Менімен бекер қаржаспа,
Кеудемнен көнбен жан шықпай.
Ырқыңа қалай көнемін,
Жаңадан таңым атқанда.
Мен неге үйді бөлемін,
Аудандар бірігіп жатқанда.
Арқадан ауған арқардай,
Көшсе ұлым менен жерініп.
Жолында шымыр арқандай
Өлігім жатар керіліп.
Жалғызға үйір қатер-мұң,
Ұлымды қолдан көшірмей, –
Соғыста өлген әкемнің
Өтемін отын өшірмей.
Жападан жалғыз қалғанда,
Тіреймін қайда ат басын?
Құдайым,
жарық жалғанда
Оты өшкен үйден сақтасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу